Перейти в форум
 
 

Главная страница - Журнал "Жасstаr"

Журнал "Жасstar"

АК жол, «Жас Ұлан»!

Жарқын болашағымызды бірге қалайық.

Жанар РЫСБЕК.

Қыран бүркіт асқар таудың шыңынан кең далаға қарай қанат қағып, қалықтап ұшқанда өзін қалай еркін сезінсе, өзінің табиғи болмысы мен жаратылысына сай өмір сүрген болса, осы табиғаттың бір бөлігі болып та­былатын біз адамдар да шыр етіп өмірге келгеннен ба­стап еркіндікті аңсаймыз, азат өмір кешуді қалаймыз. Бір тілде сөйлейтін, бір отанды мекендейтін, діні бүтін, ортақ тарихы мен мәдениеті бар халықтың мемлекеттілікке қол жеткізген дәрежесі - ұлт. Сондықтан, менің түсінігімде ұлт, тәуелсіздік және мемлекет ұғымдары бір-бірімен ажырағысыз байланыста, бірін бірі қажет етіп отыратын ұлы ұғымдар, қымбат құндылықтар.

Қазақ ұлты тарихында көптеген қиындықты ба­стан кешті, аяусыз шабуылға ұшырады, алпауыттар тайталасының кәріне ілінді, қырғыннан қырғынға, босқыннан босқынға талай азапты көрді. Талай батыр­ларымыз бен ұлт қайраткерлеріміз халқын бостандық таңына жеткізуді армандап жанын пида етті, шәһид болды, арманда кетті. Қазақ «мың өліп мың тірілсе» де, қазақ болып қала берді, әр ұрпақ өзінен кейінгілерге тәуелсіздікті арман етіп, ұлттық мақсат ретінде ама­нат етті. Абай атамыздың «Қалың елім, қазағымы», Қадыр Мырза Әлі ағамыздың «Жасыл жайлау, түкті кілемі», Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің елімі» сияқты жүздеген, тіпті, мыңдаған шығармалар ұрпақтың са­насына азаттықты, ел болуды, ту көтеруді, бірлікке ұмтылуды, ұлт ретінде сақталып қалуды, өжеттілік пен қырағылықты, батырлық пен қайраткерлікті насихаттап отырды.

Еліміздің тәуелсіздігімен мақтанатын шақ келді, қазақтың байтақ даласына Қыдыр келіп, бақ берді. Баба­дан келген сананың, аталар берген батаның қолдауымен, елім деген ерлердің қорғауымен, қаншама қиын асуды аспадық, сонда да жаңылысып саспадық. Ынтымағы жарасқан елімде бірлік бар, ұйымшылдықпен атқарып жатқан тірлік бар. Соның арқасында Сарыарқаның қақ төрінде, Ұлы Жібек жолының бойында ұлылықтың көзінен бастау алған әсем қаламыз - Астанамыз салын­ды. Сағат сайын өсетін алыптардай, жарқ еткен жарық таңдай сәулетіне сәулет қосылып, көтеріліп тарих қойнауынан асқақтап тұр. Еліміздің қарқынды дамуының символындай болып қасқағым уақытта бой көтерген жас қала - Астана, ел санасын бекітер қуат көзіне айналды. Қуанбасқа бола ма?! Әлем бүгін берекелі далама көзін тігіп қарайды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев айтқандай, өркениет көшіне еркін қосылған ұлт ретінде білімділік те, біліктілік те , жүректілік те көрсетіп ұрпақтары Астанадай қала орнатты. Астанасы айбынды да айдынды елдің болашағы асқақ болуға тиіс.

Адал перзенттері үшін туған жерден ыстық, қасиетті, киелі ештеңе жоқ. Бұл халқымыздың қанына біткен имандай сенімі. Бүгінде халқымыз өмірлік айқындама, білім мен еңбекқорлық, отаншылдық пен туған жердің қамын ойлау Қазақстанды нағыз табысқа және иігілікке жеткізетінін көрді. Өз Отанының перзенті болу, туған жер топырағымен байланысыңды терең сезіну, оған перзенттік сезіммен қарау, мүмкіндігі болғанша одан алғаныңды үш еселеп қайтару - парызымыз екендігін біз жастар жадымызда ұстауымыз қажет. Қанымызға жат, салтымызға өрескел әрекеттерге ұшпауымыз қажет. Жанымызды желіктіретін, ойымызды сан жаққа еліктіретін, байқамасаң батыратын, санаңды улап, басыңды қатыратын қоғамдағы келеңсіз жайттардың, жақсы мен жаманның, адал мен арамның парқын сезіп, тұсауына түспесек, еліміздің ертеңі жарқын болатыны­на сеніміміз мол. Сонда ғана алдымыздан ашылар дар­хан жол. Ашып дүние есігін, танып өмір бесігін сенімді қадам тастау үшін, жалау етіп туа біткен өрлікті, ескек етіп батырлардай ерлікті елімізді сақтау үшін, ұлағатын тарихтың, бай мұрасын халықтың бойымызға сіңіруіміз қажет. Алдыңғы буын ағалардан ардақты, ақыл алып салмақты кемесінде білімнің нәрін ішіп, ілімнің келе­шекке тереңнен үңілуіміз қажет. «Ел боламын десең , бесігіңді түзе», - деп ұлы М. Әуезов айтқандай өскелең ұрпақтың қадамы адал болғай, Отан үшін от кешетін адам болғай! Өйткені, еліміздің тірегі де, ертеңгі жүрегі де – біз жастармыз!

Мектеп бітіріп шыққан ұрпақ бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашылған саналы ақыл көзімен қарай білсе, адал ісімен жарай білсе білімділіктің көздейтін мақсатына жеткеніміз емес пе?! Нағыз білімділер ғасыры келгендей. Жастар – еліміздің үміті мен болашаққа сенімінің дәнекері іспетті. Болашақтың сәулетіне нұрын шашатын, кемел білімге жол ашатын ұрпақ болуға - міндеттіміз.

Тәуелсіздіктің бәрімізге артар жүгі мол. Енді еңселі елдің тірегі болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әлеуетіміздің асуы да, дәулетіміздің та­суы да өз қолымызда. Азаттықты аңсап өткен ұлы бабаларымыздың елдің қуаттылығы мен тұтастығы үшін ел бірлігі мен татулығының қаншалықты құндылығы мен маңыздылығы туралы айтқан ойлары, кейінгі ұрпаққа қалдырған аманат-өсиеті бізді олардың арман-мақсаттарын жүзеге асыруға, аманатқа қиянат жасамауға, ел болу үшін жұдырықтай топтасуға, ел бірлігі мен татулығын сақтауға, осылайша ел үмітін ақтауға шақырады.

Отанның намысы үшін оттан қашпа,

Шын сүйсең мақсатыңнан қия баспа.

Тайсалма, Отаныңның құрбаны бол,

Өмірің орынсыз боп кетпес босқа,-

Отанымыздың намысты өр ұрпағы, шабысты Құлагердей тұлпары болайық! Қыран құстай самғайтын сұңқары болайық! Төрткүл дүниенің төрт бұрышында көк байрақты желбірететін, пайдасын тек халқына келтіретін биік рухты жастар болайық! Қонсақ, тек әлемді таңдандырар шыңдарға қонайық! Жарқын болашағымызды бірге қалайық!

Журнал "Жасstar", № 4 (34) 2012 г.


[ Вернуться к содержанию ]

НОВЫЙ НОМЕР

№1-2 (51-52) 2017

Архив номеров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Перейти в фотогалерею

 

ПЛАН МЕРОПРИЯТИЙ

Просмотреть мероприятия

ПОИСК ПО САЙТУ



 

© 2006 – 2019 Республиканский Союз детских общественных организаций Казахстана «Жулдыз».
Адрес: Республика Казахстан, г. Кошектау, ул. Абая, 112 а, офис 207 (2 этаж). Телефоны: 8 (7162) 502591, 721226, e-mail: sdoozhuldyz@mail.ru
При перепечатке материалов ссылка на источник обязательна. Авторы Интернет-проекта www.zhuldyz.kz: Данил Конищев, Лидия Тришечкина, web: Муратбек Жусупеков.
Авторская группа DALI

Перейти на главную страницу Перейти в форум