Менің ауылым.

Сүйемін осы өмірде туған жерді, Топырақты, тау-тасты, өзен-көлді Туған жерді сақтау үшін осы өмірде Аямаймын, мәңгілікке төгем терді. Туған жер, туған ауыл қымбат маған, Ешкімге бұл сезімді былғатпағам. Мен оның өзім ғана сезінетін, Қастерлі қасиетін жырлап бағам. Деп ақындардың жырға қосқанындай, туған жерімен, өскен елімен мақтанбайтын адам жоқ шығар. Туған жердің топырағы кімге де болса ыстық, әрі қасиетті. Бұл тақырыпқа қалам тербемеген ақын-жазушылар жоқтың қасы десе де болады. Менің кіндік қаным тамған жер- киелі Ақмола облысындағы Бестөбе кенті. Қазақта «Адамның көзі өлгенде бір уыс топыраққа ғана тояды» дегені бар емес пе? Ауылдың қарт адамдары мен ата-әжелеріміздің «Туған жердің топырағы бұйырып, сүйегімді туған жеріме қойса немесе бір уыс топырағын салсаңдар болғаны» дегенді сан мәрте естігенім бар. Естісем де осының мән-мағынасына терең бойлай бермейтінмін. Енді міне, ер жетіп, өскен соң, таяқты ат қылып мініп, асыр салып ойнап жүрген туған ауылдың қадір-қасиетін ұға бастадым. Менің ауылым - Бестөбе. Бұл ауылда мен алғаш тәй-тәй басып, мектепке алғаш қадам аттадым. Бақытты балалығым осы киелі жерде өтуде. Сондықтан да, бұл жерден артық ел білмеймін. Табиғаты әсем, топырағы құнарлы жерден бірнеше ақын-жазушылар шыққан десе-ді. Әміржан Әлпейісов, Рысты Шотбаева сынды әз жандар осы өлкеден шыққан ардақты ел азаматтары. 50 жылдық тарихы бар, өзім бүгінде дәріс алып отырған мектебім бәрінен де ыстық. Бұл мектеп табалдырығынан небір генералдар, небір ақын-жазушылар, небір ғұлама ғалымдар мен қарапайым жұмысшылар шыққан. Өңдіріс жағынан келетін болсақ, ауылымызда жер асты ресурстары бар. Соның бірі, яғни басты байлығымыз – алтын. Бестөбе алтыны әлем бойынша үшінші орында. Алтынның сапасы үш тоғыздық белгіні құрайды. Кентіміздің алтыны тек ғана бізді емес, барлық алаш жұртын асырауға жетеді десуде. Үлкен бір мамандық иесі болсам, өз ауылымды көркейтіп, өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді. Алтынмен қапталған өлкемді, үлкен бір ірі қалаға айналдыруды армандаймын. Ауылдың көркейіп-өсуі осы біз секілді жас болашаққа байланысты. Ендеше, егеменді елімнің білімді де жігерлі азаматы атанып, өз ауылымды баршаға танытуға тырысамын.
Журнал "Жасstar", № 4 (34) 2012 г. [ Вернуться к содержанию ]
|