Лаула, достық алауы! Куба мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастыққа биыл 20 жыл
Куба… Осы бір төрт қана әріптен тұратын елдің атын естігенде, көз алдыңа кішкентай болса да күрескер қайсар халық пен өршілдік пен намысты ту еткен рухты мемлекет елестейді. Тарих беттерін парақтап отырсақ, Кубаның тағдыры қилы - қилы жолдардан, қиын - қиын кезеңдерден өтіп келеді. Аласапыран замандарды бастан кешсе де, өр рухын жоғалтпай, қиындыққа қасқая қарай білген Куба халқының өрлігі талай ақындардың жырына арқау болды... Біз Куба туралы білетінімізден білмейтініміз көп ақ, оның әлі де қатпар қатпар, тылсымы мол құпиясы тұнып жатыр... Кубаның көз тартар көрікті табиғаты қандай десеңізші! Таңғажайып Куба жеріне ең алғаш қадам басқан Христофор Колумбтың өзі осынау жердің сұлулығына тәнті болғаны соншалық «Өмірімде мұнан асқан кереметті көрмеппін» деп таңырқағаны бар. Әрине, Куба табиғаты шынында да ерекше. Кариб теңізінің ортасында жатқан аралда жүріп, көк зеңгір аспанның астында биікпен таласқан тауларға қарап, бейне бір ертегі әлемінде жүргендей әсер аласыз. Жаратушы иенің туындысына таңырқайсыз... Ал Куба халқы туралы әңгіме тіптен бөлек... Ерекше қонақжай, тілеуі ақ, жаны жайсаң, пейілі кең кубалықтар елдің басты байлығы және жүрегі. Еркіндікті сүйетін ерке халық бұл... Қалай десеңіз де, Куба - теңдесі жоқ әлем... Куба мен Қазақстан арасындағы ұланғайыр достық та сонау 1992 жылдардан бастау алады. Еліміз тәуелсіздік алғанда қуанышы мен шын ниетін білдіріп, Қазақстанның егемендігін алғашқы болып таныған Кубаны біз жақын дос әрі тілеулес мемлекет деп білеміз. Тек тілеулес қана емес, кей тұстарда тағдырлас деуге де болады. Қарап отырсақ, Қазақстан да, Куба да егемендік үшін күресіп, азаттықтың ақ таңы үшін талай қиындықтарды бастан кешті. Екі ел де арман мұраттарына жетіп, бүгінде байланыс көпірін орнатып, достық пен ынтымақтастықтың биік үлгісін көрсетуде. Биыл осы достыққа да аттай жиырма жыл толып отыр. Бұл аралықта екі мемлекет те үлкен жетістіктерге жетті, өрлеу мен дамудың жаңа белесіне көтерілді. Екі ел арасындағы экономика, мәдениет, білім беру, денсаулық саласындағы қарым қатынастар орнап, қазір қарқынды дамуда. Қазақстанның батысында, сонау шалғайда жатқан киелі Маңғыстау жеріне де кубалық меймандардың арнайы сапарлап келіп, ат басын тірегені есімізде қалған жарқын күндер. Сол күндер күні кешегідей санамызда сайрап жатыр... Маңғыстау орталығы Ақтау қаласындағы іргелі білім ордасы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті 35 жылдық тарихы бар, мыңдаған білікті мамандардарды даярлап келе жатқан қара шаңырақ. Бұл оқу ордасынан түлеп ұшқан кәсіби мамандар еліміздің түкпір түкпірінде түрлі салаларда еңбек етіп, елдің әлеуметтік - инновациялық дамуына сүбелі үлесін қосып жүр. Ерекше атап кетерлігі, бүгінде Каспий университетінің халықаралық байланыстары жақсы жолға қойылған. Әлемнің белді университтерімен, оның ішінде Кубаның да жоғарғы оқу орындарымен бірлесе жұмыс жасау мақсатында көптеген шаралар жүзеге асырылмақ. 2009 жылы алтыншы мамыр күні Куба Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Абелардо Эрнандес Феррер және елшілік консулы Карука Гарсия Муньдес Маңғыстау облысына іссапармен келіп жетті. Аталмыш сапардың мақсаты аймақтың білімі, мәдениеті мен денсаулық сақтау саласымен танысу болатын. Осы сапар аясында құрметті меймандар Ш.Есенов атындағы КМТжИУ студенттерімен кездесті. Университет ректоры, профессор Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы қонақтарды жаңадан бой көтерген ордалы оқу орнымен, құрылысы қарқынды жүріп жатырған студенттер қалашығымен таныстырып, мамандар даярлаудағы жетістіктерімен бөлісті. Әңгіме барысында екі жақ та білім беру саласындағы тәжірибемен алмасу мақсатында ынтымақтастықты көздейтін келісімдердің болашағы зор екендігін атады. Осы орайда Қазақстан мен Куба ЖОО арасындағы байланысты дамытудың маңызы аталды. Әрине мұндай қадамдар ертеңгі күні екі ел арасындағы достықты нығайта түсері сөзсіз. Маңғыстау облысының сол кездегі әкімі Қ.Көшербаевпен кездесу кезінде де білім беру саласындағы ынтымақтастық, студенттермен алмасу, университеттер арасында келісімге қол қою сияқты мәселелер сөз болды. Сонымен бірге «Өмір сапасы» атты бағдарлама бойынша емге зәру жандарды емдеу үшін Кубаға жіберу, дәрігерлермен өзара алмасу сынды өзекті сұрақтар қозғалды. Аталмыш бағдарлама бойынша ақтаулық тұрғындар Кубаға барып, денсаулықтарын жақсартуға мүмкіндік алды. Біздің университет жыл сайын халықаралық байланыс күнін дәстүрлі түрде өткізіп тұрады. 2010 жылы қазан айында осындай мерекелік салтанатқа Иран Ислам Республикасы, Әзірбайжан, Польша, Үндістан және Куба елдерінің өкілдері келді. Әр ел өз тарихынан сыр шертетін фильмдерді көрсетіп, өз елдерінің ерек тұстарын әңгімеледі. Арнайы ұйымдастырылған көрмеге келген студенттер мен оқытушылар қауымы әр елдің төл туындыларын қызықтап, үлкен әсер алды. ҚР Куба елшілігінің 1 хатшысы Мигель Санчес Ордоньес ғылыми практикалық конференцияда сөз сөйлеп, елдер арасындағы байланыстың даму маңызына тоқталып өтті. Болашақта «осы бір елді көрсем» деушілерге саяси қоғамдық өмірі, салты мен дәстүрі, басшылары туралы көптеген мәліметтер берілді. Сол күні Мигель Санчес Ордоньес мырза студенттер жатақханасында ұйымдастырылған кездесуге келіп, керемет кештің куәгеріне айналды. Жастармен еркін сұхбаттасып, олардың сауалдарына жауап беріп, таңғажайып Куба туралы әңгімеледі. Өнерлі студенттер қазақтың қара домбырасымен күмбірлете күй төгіп, жырдан шашу шашты. Сол күндері осы шаралардың басы қасында жүрген Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Әлипа Әубәкірованың айтуынша, мұндай шаралар елдердің достығын берік ете түседі. Оның үстіне, жыл сайын университет аясында Куба мәдениетінің күндері өткізілетіні тағы бар. Бұл күндері студенттер Куба мемлекетінің тарихын, қоғамдық өмірін көрсететін слайдтар әзірлеп, «Куба тарихын білесің бе» атты викториналық байқау өткізіп, студенттер танымын кеңейте түседі. Бір жақсысы, қазақ жастарының ғажайып елдің мәдениетін танып білуге деген құлшыныстары өте жоғары. Кубаны көзбен көруді армандайтындары көп. Кубаның «әйгілі бестігі», яғни қазіргі таңда абақтыда отырған бес батырының тағдырына бүкіл дүние жүзі алаңдап отыр. Міне, 13 жылдан асты, АҚШ түрмелерінде заңсыз отырған Херардо Эрнандеса Нордеро (Gerardo Hernandez Nordero), Рамона Лабаньино Саласара (Ramon Labanino Salazar), Антонио Герреро Родригеса (Antonio Guerrero Rodriguez), Фернандо Гонсалеса Йорта (Fernando Gonzales Llort) и Рене Гонсалеса Северерта (Rene Gonzales Sehverert) қапас тіршілік кешуде. Бұл бес азамат халықаралық терроризмге қарсы күресте өздерінің салмақты үлестерін қосып, елдің патриоты екендіктерін дәлелдеді. Алайда олардың дұрыс ниеттегі әрекеті басқаша қабылданды. 1998 жылы бесеуі де АҚШ елінің бірде бір заңынан аттап өтпесе де, АҚШ аумағында заңсыз әрекет етті деген жалған айыппен тұтқынға алынды. Оларға қатысты шығарылған үкім де аса қатал естілді. Үшеуі өмір бойғы түрме жазасына кесілсе, қалған екеуіне ұзақ жыл абақтыда отыру мерзімі беріледі. Осы үкімдердің қаталдығы және бес азаматтың қайтпас қайсарлығы мен өрлігі көптеген елдерде түрлі халықтардың шынайы құрметін тудырады. Көптеген елдерде оларды босатуды талап еткен қоғамдық комитеттер құрылып, бүкіл әлем бойынша кубалық патриоттарды қолдаған шерулер өтті. Мыңдаған адамдар қолдарын қойып, бес азаматқа азаттық беруді талап еткен. Қазақстан елі де мұндай шаралардан шет қалмады. Шынайы жанашырлығын білдірген қазақстандық зиялы қауым өкілдері, жазушылар мен қайраткерлер, бес кубалық азаматтың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, оларды босатуды сұрап, хаттар жазуда. Біздің маңғыстаулық студенттер мен оқытушылар да өз қолдауларын білдіріп, шеру өткізді. Кубаның мүддесін қорғаған мазмұндағы хатқа қол қойып, өз үндерін қосты. «Кубаға көрсетіліп отырған экономикалық қысым адам құқығын бұзу, өз даму жолын таңдаған тәуелсіз кубалықтарға саяси қысым көрсету болып табылады. Біз Куба халқының демократиялық таңдауына құрметпен қарауды талап етеміз» делінген бұл хатқа Ақтау университетінің жүздеген студенттер мен оқытушы профессорлары қол қойды. 2005 жылы БҰҰ адам құқығы жөніндегі комиссиясының адамды заңсыз ұстау жөніндегі жұмыс тобы бес қаһарманның ұсталуы заңсыз деп тапса да, олар әлі күнге дейін сол қапаста күндерін өткізуде... Бірақ Куба халқы жақсылықтан үмітін үзген емес. Қандай қиын замандарда да үмітін үзбеген. Өйткені айбынды, өршіл Куба елінің рухы мықты. Оның үстіне, әдемі мәдениет пен дәстүрді ұштастыра білген бұл елдің рухани қазынасы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келеді. Олай болса, Қазақ елі мен Куба елінің арасындағы сыйластық пен достық жібі үзілмегей... Алтынгүл Меңдіхан Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің магистранты Ақтау қаласы. Журнал "Жасstar", №2(32) 2012 г. [ Вернуться к содержанию ]
|