РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АТАМЕКЕН» БАЛАЛАР ҰЙЫМЫНЫҢ ТАРИХЫҚай қоғамда болмасын жас ұрпақтың тағдыры барша бұқараның назарын өзіне аударып келді. Педагогика тарихындағы Қайқауыс данышпанның «Қабус-нама» медресесіндегі (ХІғ) мұсылман балаларының тәрбие дәстүрлері, Витторино де Фельтренің «Қуаныш мектебі» (ХІҮғ), Э.Джильдің «Мектеп Республикасы» (1898), Р.Бадэн Поуельдің «Скаутизм», В.И.Ленин атындағы Бүкілодақтық пионер ұйымы және басқа балалар ұйымдары ересек адамдардың көмегі арқылы әрбір бала өмірін бақытты қылу мақсатында көптеген істер атқарды. Кеңес Одағының көрнекті ғалымдары (Лебединский В.В, Соколова Э.С, Фурин С.А, Ходоровская З.А, Болдырев Н.И, Коротов В.М) пионер жұмысының теориясы мен әдістемесі жөнінде ауқымды зерттеулер жүргізді. Бүкілодақтық пионер ұйымының жас ұрпақтың тағдыры мен болашағына қатысы бар айтулы іс-шаралары мен педагогикалық маңызы зор тәжірибелері зор бағаға ие болды. Дегенмен, пионер ұйымының мемлекет тарапынан саяси құралға айналуы – оның халықаралық беделіне нұқсан келтірді. Кеңес Одағы құрамындағы көптеген мемлекеттерде (Эстония, Өзбекстан, Украина т.б) пионер ұйымының орнына ұлттық балалар ұйымын құру жөнінде әрекеттер жасала бастады. Қазақстандағы пионер ұйымының орнына ұлттық балалар ұйымын құру жөнінде 1969 жылы Павлодарда Арман Қанидың жетекшілігімен «Жас ұлан» және 1985 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Қарақол орта мектебінде «Атамекен» балалар ұйымының бастауыш топтары құрыла бастады. «Атамекен» ұйымының алғашқы мүшелері болып Г.Ордабаева, Г.Хасенова, С.Р.Ағманова, Р.Қыдырбайқызы, М.Мәлгаждарұлы, Г.Оспанқызы, Т.Қыржыбаев, А.Қамақова, С.Ережепұлы, О.Жұмағұлұлы, Қ.Тырнақбаев, Г.Бағдатұлы, С.Исабаева, М.Бөлегенов, Г.Қабышқызы болып қабылданды. Ұйымның басты іс-шараларының бірі қазақ халқының салт-дәстүрлерін насихаттар, ұлттық ойындар ұйымдастыру, мақал-мәтелдер һәм халық өнері мен музыкалық мұраларын жаңғырту болды. Олар малшы ауылдағы шопандарға арнайы жорық ұйымдастырып, түрлі мәдени-шығармашылық шаралар өткізіп, Бүкілодақтық «Пионерлік ферма» операциясының жүзеге асырылуының нағыз жанашырлары болды. Оқушылардың «Атамекен» тобы ауылдан шалғай орналасқан шапандар қыстауларына мәдени-шығармашылық жорықтар ұйымдастырды, қой төлдету науқанына ат салысты, шопандарға арнап концерттік бағдарламалар ұйымдастырды. Аталмыш жұмыс жоспарын ұйымдастыру мен жүзеге асыру барысында бір топқа біріккен оқушылар мен ұстаз-тәлімгерлер ендігі арада нақты идеяларын жинақтап, мазмұнды да, мәнді іс-шараларды жоспарға ендірді. Бұл жерде балалар тарапынан бастама ретінде туындаған түрлі бағыттағы іс-шараларға: тай жарыс, асыз ойнау, бес тас, мақал-мәтелдер сайысы, ән-күй сайысы, ұлттық ойындар ойнау сияқты ұсыныстарға мән берілді. Аталған істер жалпы Қазақстан пионер ұйымындағы ауқымды істің біріне жататын «Пионерлік ферма» операциясының мақсаттарымен үндесе отырып, нәтижесінде облыстық комсомол конференциясында аталып өтті. Аталмыш топ белсенділерінің қоғамға пайдалы еңбектерін ескерген Шығыс Қазақстан (бұрынғы - Семей) облыстық комсомол комитетінің хатшысы М.Д.Әлсейітованың қолдауымен «Атамекен» тобының мүшелері Халықаралық «Артек» балалар орталығына тәлімгерлік қызметке жіберілді. Халықаралық «Артек» лагерін біздер тек қана бақытты балалар мекені ғана емес, сонымен қатар барша адамзат құндылықтарының гуманистік һәм парасаттылық ордасы деп атар едік. 1987 жылы Халықаралық «Артеке» балалар орталығында өткен ІХ Бүкілодақтық пионерлер Слеті жалпы балалар ұйымын тек «пионер» ұйымының моделі бойынша басқарудың мүмкін еместігін көрсетті. Соның нәтижесінде 1990 жылы кезектен тыс шақырылған Х Бүкілодақтық Слет шешімі бойынша «пионер» ұйымы өз атауын өзгертті. Қазақстандағы пионер ұйымының тарихын көптеген ғалымдар (Ержанова Р.Д, Байназаров З, Құнантаева К.Қ, Мұқанова Б.Ы, Абаева Н.Б, Татаурова Н.Л, Көпжасарова М) зерттеді. 1988 жылы Халықаралық «Артек» балалар орталығынан Қазақстанға оралған бір топ тәлімгерлер (М.Баймусин, Е.Сеңкібаев, М.Қыдырбайұлы, Ж.Сүлейменов, Г.Бопинаева) «Атамекен» тобының республикалық мәртебесі бар ұйым ретінде құрылуына белсенді түрде ат салысады. Олар аталмыш ұсынысты сол кездегі В.И.Ленин атындағы Қазақ Республикалық пионер ұйымының Орталық Кеңесінің қарарына ұсынуға күш салады. Қазақстандағы сол жылдардағы саяси жағдайларға байланысты ұсыныс жауапсыз қалады. Дегенмен, Алматы қаласы Ленин аудандық комсомол комитетінің қызметкерлері А.Мырзахан, А.Мамутаева, Ф.Алиева, З.Құрманғалиева, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының оқытушылары профессор А.Х.Мұхамбаева, Г.М.Аубакирова, Ж.Төлебаева және Ғ.Мұсаева, Подлевская О.П, Г.Низамеддинова, Шереметьева Л.С, Н.Иванқызы, А.Төлепов, М.Талқанбаева, Г.Қабдешқызы, Б.Ахметқызы, ғалым-педагогтар Т.С.Сабыров, Б.Ы.Мұқанова, Н.Б.Абаева және басқа ұстаздар ақыл-кеңес беріп қолдау көрсетті. Нәтижеде Алматы қаласы, Ленин ауданы №112 мектептің жанынан Қазақстандағы тұңғыш ұлттық оқушылардың қоғамдық қозғалысы «Атамекен» балалар ұйымының бастауыш тобы құрылды. Ұйымның құрылуына мектеп директоры Л.С.Шереметьева мен аудандық комсомол ұйымының хатшысы А.Мырзаханның еңбектері зор. Қазіргі таңда «Атамекен» архивінде сол жылдардағы дәптерлер мен басқа деректер сақталған. Топтың маңызды жұмыстарының бірі Спитак (Армения) қаласының Алматыда демалып жатқан оқушыларымен (1988 жылы жер сілкінісіне байланысты) бірлескен іс-шаралар өткізуі болды. Топ белсенділері Р.Алиева, Н.Бекбулин, Л.Бакуменко, Г.Салықова, О.Кокшарова, Э.Амердинова, Р.Каримова және басқа оқушылар көптеген қызықты шаралардың ұйымдастырушылары бола білді. («Ұлан» газеті, 18.5.1989) 1989 жылы Алматыда өткен мектеп оқушылары лидерлерінің (активтерінің) республикалық «Звездный-1989» жиынында оқушылар мен тәлімгерлер тарапынан «Атамекен» ұйымы жөніндегі мәселелелер қайта көтерілді. Аталмыш республикалық мәжіліске жиналған М.Сейтекенова (Ақтөбе, Новороссийск, Құдықсай), Л.Сарбасова (Оңтүстік Қазақстан, Шардара), А.Шәкенова (Ақмола, Алексеевка, Өрнек), Е.Нысанов (Шығыс Қазақстан, Өскемен), Г.Жалмұратова (Жамбыл), Т.Рысқұлов (Алматы), Ғ.Хамитов (Ғ.Хамитов), Б.Сұлтанбеков (ОҚО,Арыс), Ә.Жылқыбаева (Алматы, ГРЭС) және басқа өкілдердің қатысуымен «Атамекен» ұйымы құрылып, республикалық «Ұлан» газеті жанынан «Алау» Штабын ашу жөнінде маңызды шешім қабылданды. (Ұлан,14.09.1989) 1990 жылдың күзінде республикалық жоғарғы комсомол мектебінің қолдауымен тұңғыш рет қазақ тілінде республика пионер жетекшілерінің жиыны өтті. Жиынға қатысқан А.Жакенова (Жезқазған), А.Қ.Омарова (Ресей, Омбы өлкесі), Б.Сейілханова (Алматы облысы), Қ.Е.Өскенбаева (Қостанай), Б.Сүйеубаева (Қызылорда), Қ.Нағыманова (Қарағанды) және басқа өкілдер тарапынан республиканың облыстарында «Атамекен» балалар ұйымының бөлімдерін ашу туралы маңызды шешімдер қабылданды. Бұл орайда «Атамекен» жөнінде Республикалық «Ұлан» газеті редакторлары Б.Сүлейменовтың, Ғ.Доскен мен Б.Сапаралы мен журналистер Ж.Дуанабай, А.Шымырбаев пен Р.Имашеваның қосқан үлестері зор болды. Атап айтқанда «Ұлан» газетінің редакторлары Ғ.Доскен мен Б.Сапаралы және «Пионер (Ақжелкен)» журналының редакторы көрнекті ақын Ф.Оңғарсынова, «Қазақстан мектебі» журналының редакторы С.Әбішева, «Қазақстан мұғалімі» газеті, «Социалистік Қазақстан» газетінің қызметкері Ә.Меңдеке, «Лениншіл жас» газетінің қызметкерлері Б.Омаров пен Ә.Әуелбек, «Дружные ребята» газетінің редакторы С.Н.Луценко көпшілік қауымның «Атамекен» жөнінде толық ақпарат алып отыруларына тарихи маңызы бар үлес қосты. (Қараңыз: Ұлан, 18.03.1990, 2.7.1991, 10.02.1991, 1.7.1992, 23.7.1991, 28.1.1992, «Егеменді Қазақстан» 27.08.1991, «Пионер» журналы, №2,1991, «Қазақстан мектебі» №5,1991, «Лениншіл жас» 14.08.1990, «Дружные ребята» 22.08.1990, «Русский язык и литература в казахской школе» №4,1992. Республикалық «Ұлан» газетінде жарияланған «Атамекен» бағдарламасы (18.03.1990) – Қазақстандағы балалар ұйымдарының тарихындағы ерекше құбылысты тудырып, жас ұрпақтың бойында ұлттық сана-сезім рухын оятып, жаңа бағыттағы балалар ұйымының қажет екендігін танытты. 1990 жылдың 3-5 қараша айында өткен Қазақстан пионерлерінің ҮІІ Слетінде көптеген делегаттар тарапынан ұйымның атауы мен моделін өзгерту жөнінде ұсыныстар енгізді. Слет делегаттарына Қазақстан Компартиясы ОК Бірінші хатшысы Н.Назарбаевтың құттықтауын Қазақстан ЛКЖО ОК бірінші хатшысы И.Н.Тасмағамбетов оқыды. Слет жұмысына СССР СПО-ФДО Төрағасының орынбасары А.Строканов, пионер ұйымының ардагері М.Хасанова, ҚР пионер ұйымы РК Төрағасы Г.А.Алтынбекова қатысты. Слет делегаттары Ғ.Тоқсанбаев, Б.Сүйеубаева, Р.Кенбаева, Л.Шөменова, Т.Ізтілеуова, А.Лайықова, С.Исаева, (Қызылорда), Е.Әбдірәсілов (Қарағанды), Ж.Сүлейменов, А.Кәріпжанов, Г.Хасенова (Шығыс Қазақстан), М.Қыдырбайұлы (Алматы), Б.Бақтыбаева, Р.Әбсаттарова, Қ.Әбдірахманова (Оңтүстік Қазақстан), О.Нұрғалиева (Атырау) ұйым атауын «Атамекен» балалар ұйымы деп өзгерту жөніндегі ұсыныстары қолдау таппады. Нәтижеде ұйым бұрынғысынша В.И.Ленин атындағы Қазақстан пионер ұйымының Орталық Кеңесі деген атаумен көпшілік дауыс негізінде қалдырылды. Слет делегаттары ҚР пионер ұйымының Төрағасы лауазымына үміткер М.Жақыповтың, Д.Шайменованың, М.Қыдырбайұлының кандидатурасын талқыға салып, нәтижесінде ҚР пионер ұйымы РК Төрбасы болып Д.Шайменова сайланды. (Ұлан,8.11.1990). Алайда, пионер ұйымының В.И.Ленин атындағы Қазақ республикалық пионер ұйымының Республикалық Кеңесі деп қалуына «Атамекен» балалар ұйымының белсенділері қарсы болды. Ұйым атауын өзгертудің басты мақсаты қазақ халқының салт-дәстүрі, тілі һәм ділі және басқа ұлттық құндылықтарының дамуы және оның жас ұрпақ санасында қалыптасуына мүмкіндік жасайтындай, сол кездегі пионер ұйымының шамасы жоқ еді. Жас ұрпақ өкілдеріне, әсіресе ауылды жерлердегі балалар топтарына халық педагогикасының құндылықтары негізінде ұлттық тәрбие беру, ана тілінің өрісін кеңейту, мектептегі тәрбие жұмысының орталығына айналған пионер жұмысын ұлттық тәрбие моделі негізінде қайта жоспарлау қажеттігі – сөзсіз «Атамекен» ұйымының және «Атамекен» бағдарламасының пайда болуына түрткі болды. Аталмыш келеңсіз жағдаяттар оқушылардың санасында түрлі негативтік құбылыстардың (нигилизм, космополитизм, мәңгүрттік, ана тілінен безіну, басқа мәдениетке еліктеу, ұлттық салт-дәстүрлерге деген салқындылық, нашақорлық, қылмыстық, бос жүріс, шовинистік, үлкендерді силамаушылық т.б) қалыптасуына ұйытқы болды. Пионер ұйымының жұмысы мемлекет тарапынан қолдау тауып, ғалым-педагогтар тарапынан зерттеліп, ұстаз-методистер тарапынан жүйеленіп мектептегі һәм мектептен тыс мекемелердегі қоғамдық тәрбие жұмысының орталығына айналғаны тек Одақ қана емес, сонымен қатар халықаралық балалар ұйымдарындағы жетекші тәрбие жүйесі бола алды. Оның мұндай жоғары көрсеткіштерге жетуі – пионер ұйымы құрылғанға дейінгі әлемдегі балалар ұйымдарындағы озық педагогикалық тәжірибелерге (В.Фельтренеің «Қуаныш мектебі», Қайқауыстың «Қабус-нама» медресесі, Э.Джильдің «Мектеп Республикасы», Б.Поуэльдің «Скаутизм», О.И.Пантюховтың «Национальная организация русских скаутов-разведчиков» (1909) Н.К.Крупская мен С.Т.Шацскийдің «Сеттелмент-Жұмысшы балалар коммунасы», А.С.Макаренконың «Коммунасы» т.б) сүйенгені және қажет жағдайда пайдаланғаны белгілі. Өкінішке орай, пионер ұйымы Қазақстандағы мектептер практикасында жоғарыда айтылған негативтік құбылыстардың төмендеуіне өз деңгейінде қызмет етуге қауқарсыз болды. Республика мектептерінде, әсіресе ауыл мектептерінде тәрбие жұмысын халықтық педагогика мұраларын пайдалана отырып, тәрбие жұмыстарын жүргізетін мемлекеттік тұрғыдағы арнайы бағдарламаның, ғылыми-әдістемелік концепциялардың жасалмағандығы, ал оқушылар мен ұстаз-тәлімгерлердің назарына ұсынылған тәрбие бағдарламаларының негізінен орыс тілінде жазылып, талап етілгені басым болды. Бұл жылдары, әсіресе еліміз егемендікке қол жеткізген жылдары Қазақстандағы балалар ұйымдарындағы жағдай өте күрделі болды. Көптеген облыстар мен аудандардың қысқартылуы, жаппай жұмыссыздық, оның үстіне білікті мұғалім-педагогтардың мектептен қол үзіп, басқа жұмысқа ауысуға мәжбүр болғаны тек балалар ұйымы ғана емес, сонымен бірге жалпы ұлттық тәрбие жұмысының дағдарысқа ұшырауына себеп болды. 1994-1995 жылдары Семей облысының қысқаруына байланысты, үш ауданды (Таскескен, Үржар, Мақаншы) біріктіру нәтижесінде Мақаншы ауылындағы Оқушылар Үйі, Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп, аудандық мектеп-интернат және бірнеше балабақша өз қызметтерін тоқтатып, кейін талан-таржыға түсті. Қазақстандағы пионер ұйымының мұрагері – В.И.Ленин атындағы Қазақстан пионер ұйымы РК тәуелсіздікке қол жеткізген жаңа Қазақстандағы балалар ұйымының негізін қалаудың жолын таба алмады. Тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы балалар ұйымының моделін ғылыми-педагогикалық тұрғыда айқындап беретін арнайы мемлекеттік жоба немесе бағдарлама жасалмады. Аталмыш жобаны мемлекеттік тіл – қазақ тілінде жазудың қажеттілігі туды. Бұл миссия, сөзсіз «Атамекен» еншісіне тиді деуге болады. Аталған ауқымды мәселелерді шешуді «Атамекен» балалар ұйымы өз мойнына алды. Республикалық «Ұлан» газетінде жаряланған (18.03.1990, 10.02.1991) «Атамекен» бағдарламасы мен «Елім-ай» этнографиялық ойын-сайысы жөніндегі мағлұматтардан соң Қазақстан және одан тысқары жерлерде (РФ, Алтай өлкесі, Құлынды ауданы, Керей орта мектебі, Қосағаш ауданы, Төбелер орта мектебі, РФ, Омбы облысы, Есілкөл ауданы, Қасқат орта мектебі т.б) «пионер бөлмелері», «Атамекен Ордасына» айнала бастады. (Қараңыз: «Алтайская правда» 20.05.1997, «Новости Кулунды» 25.05.1991, «Қазақстан мектебі» №6,1993, 34-35 б,). Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шолақ-Қорған ауылында Б.Әуезованың ұйымдастыруымен республикада тұңғыш рет «Атамекен» жиыны болып өтті. 1991 жылдың 7 желтоқсанында өткен І Республикалық Құрылтай делегаттары жоғарыда айтылған ауқымды мәселелерді шешу жөнінде балалар ұйымы тарихында тұңғыш рет маңызды шешімдер қабылдады. Оларға «пионер бөлмесін-Атамекен Ордасы», «пионервожатый-тәлімгер», «октябрят-балдырған», «пионер-ұлан», «комсомол-мұрагер», Халықаралық «Артек» типтес Қазақстан балалар Орталығын құру, ұлттық мамандар даярлау, ауыл мектебі балаларының Фестивальдарын (айтыс, өнер, сурет, этнографиялық ойын-сайыс, тренинг т.б)өткізу және басқа құжаттар жатады. Құрылтай жұмысына Әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, Қ.Жарықбаев, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы академигі, профессор С.Қалиев, Құрылтай жұмысына ҚР білім және ғылым министрлігінен Б.Әлмұхамбетов, ҚР ЛКЖО ОК секретары Г.А.Алтынбекова, В.И.Ленин атындағы ҚР пионер ұйымы РК Төрбасы Д.Шайменова, сталиндік репрессия құрбаны Б.Мұстафин, жеңіл атлетикадан Олимпиада һәм әлем чемионы Ә.Тұяқов (Токио, 1960), Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетінің профессоры Ә.Бөрлібаев, Республикалық «Азат» қозғалысының өкілі Д.Сатыбалдиев, Республикалық «Қазақ тілі» қоғамының өкілі М.М.Әбділдабеков, ҚР жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттің бөлім бастығы Ө.Көбеев, кәсіпкер Ж.Сабырайымов, Алматы қалалық білім бөлімінен Б.Ахметова, Қазақстан темір жолы мектептерінің өкілі Д.Насырова, Қазақстан өзбектері диаспорасының өкілі Х.Әзенова, Г.Донбаева (Жамбыл), Б.Сүйеубаева, М.Аяпова, Н.Есбосынова (Қызылорда), З.Қарабекова, Ғ.Сағымбаева (Оңтүстік Қазақстан), Е.Жақашев, А.Сұраншиева (Талдықорған), Ғ.Қаранова (Семей), А.Мырзағалиева (Алматы), Е.Сағатбеков, Б.Игисинова (Алматы облысы), Г.Мұсаева (Жезқазған), О.Нұрғалиева, Г.Сұлтанова (Атырау), Г.Саматова (Торғай) және басқа ұстаз-тәлімгерлер мен ғалымдар қатысты. (Ұлан, 17.12.1991). Республикалық «Атамекен» Құрылтайы еліміздің көптеген мектептеріндегі пионер ұйымының «Атамекен» балалар ұйымына айналуына ерекше серпіліс берді. «Атамекен» ұйымының тұсау кесер рәсімі салтанатты түрде бұқара халықтың қолдауымен ерекше оқиға ретінде атап өтілді. Әсіресе, Тасбөгет (Қызылорда), Егіндібұлақ (Қарағанды), Жәнібек (Батыс Қазақстан), Мақаншы (Шығыс Қазақстан), Түлкібас (Оңтүстік Қазақстан), Құрманғазы (Атырау), Шу-Мойынқұм (Жамбыл), Қызылту (Солтүстік Қазақстан), Қорғалжын (Ақмола), Торғай (Қостанай), Ойыл –Шалқар (Ақтөбе), Алғабас (Талдықорған) т.б елді-мекендердегі іс-шаралардың қоғамдық маңызы зор болды. «Атамекен» бағдарламасы және балалар ұйымы жөнінде әдістемелік нұсқаулар мен ғылыми-зерттеулерде көптеген ұсыныстар мен тұжырымдар орын алды. Педагогика ғылымдарының докторлары Н.Сарыбеков, С.Қ.Қалиев, Қ.Б.Бөлеев, К.Ж.Қожахметова, Р.Қ.Дүйсембінова, педагогика ғылымдарының кандидаты З.Әбілова, Ә.Ашайұлы, С. Мұхамбетова, Ә.Сәдуақасұлы, ұстаз-методистер Г.Мұхамеджанова, А.Әбішова, У.Бегімов, Қ.Өскенбаева, Г.Кәріпханқызы, Н.Еженханова өз еңбектерінде бағдарлама төңірегінде ой қозғады. Ж.Қоянбаев, З.Әбілова, С.Қалиев, С.Ш.Әбенбаев авторлық оқу құралдарына «Атамекен» бағдарламасының негізгі бағыттарын ендіруді мақсат еткен. «Атамекен» балалар ұйымының аталмыш бастамалары 1992 жылдың мамыр айында В.И.Ленин атындағы ҚР пионер ұйымының кезектен тыс (ҮІІІ Слет-соңғы оқушылар Құрылтайы) Слет шақыруға ұйытқы болады. Слет «Атамекен» бағдарламасын жаңадан құрылған Қазақстан балалар мен пионер ұйымдары Одағының бағдарламасы мәртебесін таныды. Сонымен қатар басқа тәрбие бағдарламалары «Кәусар бұлақ» (З.Ахметова), «Жұлдыз» (Е.А.Дмитриенко, Д.Шайменова) қосымша әдістемелік нұсқау ретінде қабылданды. 1993-1998 жылдары Қазақстан балалар мен пионер ұйымдары Одағының Төрағасы болып Б.Жаңабаев сайланғанымен көптеген балалар ұйымы өз алдына дербес қоғамдық бірлестік ретінде құрылып, жеке дара әрекет жасауға көшті. Оларға «Жас лидерлер ассоциациясы» (Н.И.Бахмутова), Республикалық «Жұлдыз» балалар ұйымдарының одағы (Е.А.Дмитриенко), Республикалық «Болашақ» оқушылар ұйымы (С.Т.Иманбаева), Аймақтық «Мың бала» оқушылар қозғалысы (З.Қ.Нұрқаділов), Қазақстан скауттары ұйымы (В.Деймунд), Ұлттық дебат орталығы (Б.З.Отарбаева), «Бала құқы» үіметтік емес қоғамдық бірлестігі (Р.М.Ақылбекова) және басқа ұйымдар құрылды. Дегенмен аталмыш қоғамдық ұйымдардың бала тағдыры һәм құқына қатысы мен маңызды істер атқарғанымен, олардың іс-әрекеттеріне біріншіден өз дәрежесінде мемлекеттік тұрғыда қолдау мен екіншіден ғылыми-педагогикалық тұрғыда объективті зерттеулер жүргізілмей келді. Аталған мәселелер бұрынғы Кеңес одағы құрамындағы республикаларда толыққанды шешілді деп айту қиын. Ресей педагог-ғалымдары һәм профессорлары М.В.Богуславский, Е.Чепурных, А.В.Волохов, К.Д.Радина, Л.И.Швецова, И.И.Фришман, А.Г.Кирпичник, Р.А.Литвак, Б.З.Вульфов, И.Д.Аванесян, Г.П.Черный, З.А.Ходоровская, О.И.Сокрута, С.Бобрышев балалар қозғалысын «социокинетика» атауы негізінде қабылдап, ауқымды зерттеу жұмыстарының моделін ұсынуда. Бұл орайда «Юная Россия» балалар ұйымының «Россия – моя Родина – Менің елім - Ресей», Башқұртстан балалар ұйымының «Батыры-Батырлар», «Эр Вий» Марий Елі балалар ұйымының «Кугезе мланде – Земля предков», Саха Елі балалар ұйымының «Эркээйи – Ұлт мәдениеті» атты бағдарламаларын ерекше атап өткен жөн. Социокинетика ғылымының жалғасы болып табылатын Ресейдегі «Юная Россия» балалар ұйымының тәрбие бағдарламасында «Атамекен» бағдарламасына ұқсас бағыт бар. Ресейде ол «Русское зарубежье» деп аталса, «Атамекенде» - «Алыстағы бауырлар» деп аталады. Бұл орайда, социокинетиканың «қазақстандық моделін» қалыптастыру барысында Қызылорда облысы, Қазалы ауданы ұстаз-тәлімгерлерінің бастамасымен «Алтын ұрпақ» этносоциокинетика аймақтық орталығының ашылуы – сөзсіз қазіргі заманғы педагогикалық парадигмалардың технологиясын қалыптастыратын жас ғалымдар көшін әкелеті ақиқат. Орталық мүшелері Д.Байділдә, Ә.Есбосынова, М.Қыдырбайұлы, Ш.Байзақова, Қ.Зеев, Ә.Жүзбаева, Ж.Есбосынова, Л.Жәленова, А.Омарова, Б.Бұлғиев, М.Құлсейітова, Ә.Сәрсенғалиева, Ә.Ешниязова, Ә.Үсенәлиева сынды жалынды жастардың ұлы істеріне қолқабыс білдіргеніміз абзал. Бүгінгі Қазақстандағы балалар ұйымдары мәселелеріне байланысты Т.Н.Искандирова, М.Е.Демеуова, Е.А.Дмитриенко, Б.Иманбекова, В.И.Загайнова, С.Т.Иманбаева, С.Н.Тесленко, Д.В.Лепешев және басқа ғалым-педагогтар зерттеу жүргізуде. Қазақстандағы балалар ұйымдарының саны ҚР БжҒ қарасты Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы мәліметтері бойынша 250-ге жуық екені анықталды. Осы мәселеге байланысты балалар ұйымдары ардагерлері (Б.Жаңабаев, А.Штро, М.Қыдырбайұлы, Е.Дмитриенко, Лепешев Д.В, Л.Аппазова) тарапынан ҚР білім және ғылым министрлігіне және басқа құзырлы органдарға Қазақстандағы барлық балалар ұйымдарының І Республикалық Құрылтай-Слетін өткізу жөнінде нақты ұсыныстар жолданған-ды. Аталмыш ұсынысқа ҚР білім және ғылым министрі (2006) Б.С.Әйтімова қолдау көрсетіп, нәтижесінде Республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында (Бурабай, 25-27 тамыз 2006 жыл) І Республикалық балалар ұйымдары Құрылтай-Слеті өтті. Аталмыш жиынның Қазақстан балалар ұйымдарының тарихында тарихи маңызы өте зор болды. Құрылтай-Слетте төмендегідей маңызды шешімдерге қол жеткізілді: - Республикадағы 250-ден астам балалар ұйымдарының бастарын қосып бір Одаққа біріктіру; - «Атамекен» бағдарламасын Одақ бағдарламасы ретінде қабылдау және жүзеге асыру; - ҚР Президентінің «Қазақстандағы балалар ұйымдарына мемлекеттік қолдау көрсету» жөніндегі Жарлығының жобасын талқылау; - Қазақстан балалар ұйымдары Одағын, оның Үйлестіру Кеңесін құру; ҚБҰО Жарғысын бекіту; - БҰҰ қабылдаған «Бала құқын қорғау Конвенциясы» негізінде Қазақстан балаларының әлеуметтік құқықтарын қорғау шараларын мемлекеттік тұрғыда қолға алу; балалар тарапынан қолдау тапқан әлеуметтік бастамалардың игіліктенуіне мүмкіндік туғызу; - Оқушы балалардың өзін-өзі басқару жүйесін одан ары дамыту; жас ұрпақтың танымдық, интеллектуальдік, техникалық, өнер және басқа мүмкіндіктерінің еркін дамуы мен қоғам игілігіне айналуына жағдай туғызу; - Одақ құрамына ұжымды түрде мүше болып кірген кез келген өңірлік, облыстық және республикалық балалар мен жасөспірімдер ұйымының басқару жүйесіне нұқсан келтірмеу; - Қазақ халқы һәм Қазақстанда мекен ететін көпұлтты халықтардың тілі мен мәдениетінің дамуы мен игіліктенуіне мүмкіндік жасау; жас ұрпақтың санасында қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру; (Қараңыз: Қосымша білім және тәрбие, РҚБОӘО, А,№3, 2006) Жоғарыда аталған мәселелер бүгінгі жаңа Қазақстан жағдайында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық даму бағдарламасында аталып өткендей болашақ жас ұрпақ өкілдеріне саналы тәрбие һәм сапалы білім беру керектігіі мемлекеттің негізгі міндеттеріне жататыны белгілі. Сол себепті балалар ұйымына мемлекет тарапынан қолдау көрсету көптеген әлеуметтік мәселелердің шешілуіне жол ашары анық. Осы айтылған мәселелер балалардың қоғамдық топтасулары мен бірлесу әрекеттері негізінен білім мекемелері, аула клубтары, кәсірорындар және басқа ресурстық орталықтар аумағында белең алуы – қоғамдық құбылыс болып табылады. Сол себепті қоғамдық қажеттілікке айналған балалар ұйымдары және ондағы түрлі тәжірибелер педагогикалық ғылыми зерттеу объектісіне айналуы шарт. Бүгінгі ХХІ ғасырдың ұрпақтарына заман талап етіп отырған жоғарғы технологиялар һәм соңғы ғылым жетістіктері негізінде заманауи білім берумен бірге өз халқының сан ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан этномәдени һәм рухани-танымдық мұралары негізінде тәрбие берудің соншалықты қажет екені анық. Аталмыш ұлы істі одан ары жалғастыруда балалар мен жастар ұйымдарының атқаратын маңызы зор. Атам заманнан бала табиғаты һәм әфсанасы әрі нәзік, әрі сезімтал һәм ең қымбат жұмбақ дүние екені анық. Жас өскіннің адалдығын, сенгіштігін және кіршіксіз пәк ақ жүрегін біле тұра, біздер олардың санасына тек жалпыадамзаттық құндылықтар мен әр ұлттың бойындағы ең асыл рухани-адамгершілік қасиеттерді сіңіруіміз керек. Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласында 2008 жылдың 28-30 наурыз айында Республикалық “Атамекен” балалар мен жастар қоғамдық бірлестігінің (жетекшісі Құрсабаев М.Қ) бастамасымен “Ғаламдық жаһандану жағдайындағы балалар ұйымдарының даму тенденциясы” атты халықаралық конференция болып өтті. Конференция жұмысына Халықаралық “СПО-ФДО” балалар қоғамдық бірлестіктерінің Одағы Төрағасының орынбасары, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Фришман Ирина Игорьевна (Ресей, Мәскеу), Жапон мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшілігінің 3-хатшысы Ямада Икуэ ханым, Республикалық балалар инженерлік-техникалық Академиясының директоры, Бапанова Жарқын Базанқызы (Кыргыз Республикасы, Бішкек), Ресей Федерациясы, Омбы облысы, Есілкөл ауданы, Р.Мәдиев атындағы Қасқат орта мектебі директорының орынбасары Оспанова Жібек Бақытжанқызы (Ресей), ҚР білім және ғылым министрлігінің өкілі, РҚББОӘ Орталығы директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Загайнова Вера Ивановна (Алматы), Астана қаласы білім департаментінің директоры Бимендина Асима Темкенқызы, Қазақстан балалар ұйымдары Одағының Президенті Егесінов Талғат Қазыбайұлы, сондай-ақ елімізге танымал ғалымдар педагогика ғылымдарының докторы, академик Серғазы Қалиев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Рысбаева Аршагүл Қылышбекқызы (Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты), «Атамекен» бағдарламасының авторы Құрсабаев Мұхамедрахим Қыдырбайұлы, Астана қаласы №58 орта мектептің директоры Омарова Алма Қайырболатқызы, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы М.Шораяқ атындағы орта мектептің директоры Сұңғатов Уахит Сұңғатұлы, п.ғ.к., «Дәстүр» бағдарламасының авторы Әбілсағит Садуақасұлы, Республикалық “Балдәурен” оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Лепешев Дмитрий Владимирович, Қызылорда облысы Қазалы ауданы №226 Б.Мергенбаев атындағы гимназияның мұғалімі, аймақтық «Алтын ұрпақ» этносоциокинетика орталығының жетекшісі Байділдә Данышпан және басқа ұстаз-педагогтар, білім ордалары жетекшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты. Аталмыш конференцияның ұйымдастырылуы тек қана Қазақстандағы және одан тысқары жерлердегі балалар ұйымдарындағы әлеуметтік мәселелерді шешудің жолын іздестіру емес, сонымен қатар бүгінгі жаңа заман жағдайындағы балалар ұйымдарының дамуы мен қалыптасуы, олардың бұқара халық назар аударатын ерекше қоғамдық құбылыс екені және жаңа буындағы ғылыми-педагогикалық зерттеулерде “социокинетика” бағытын таңдау, мемлекет тарапынан балалар ұйымдарына қолдау көрсету жөнінде заңдық құжаттардың қоғам игілігіне айналуы, балалр педагогикасы саласындағы мамандар дайындау, білім жетілдіру, әдістемелік орталықтар ашу сияқты ауқымды мәселелерді барша жұртшылықпен бірлесе отырып шешу болып табылады. Педагогика тарихында балалар ұйымдарының әрдайым мемлекет назарында болғаны, атап айтқанда “Скаут” ұйымдарына Ұлыбритания Корольдігінің (1907) Ресейдегі “Русский скаут” балалар ұйымына ІІ Николай патшаның арнайы Жарлықтары (1909), В.И.Ленин атындағы Бүкілодақтық пионер ұйымына КСРО (СССР) мемлекеті тарапынан арнайы Қаулы қабылданғаны белгілі. Дегенмен, 1990 жылдың 3-5 қараша айында Алматыда өткен ҮІІ Республикалық пионерлер Слетінде, сол жылы Халықаралық “Артек” балалар орталығында өткен Х Бүкілодақтық пионерлер Слетінде пионер ұйымының көпұлтты Кеңес Одағы халықтарының ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, мектептегі және мектептен тыс уақыттарда қосымша білім мен тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру ісіне өзінің мумкіндігінің келмейтінін оқушы балалардың қоғамдық пікірлері негізінде іс жүзіне дәлелденді. Ал, бұл мәселенің ең негізгі кемшіліктерінің бірі – пионер ұйымының саяси құрал ретінде мемлекет тарыпынан жүзеге асырылғандығы деп танылды. Осы мәселе 1990 жылғы Алматыдағы пионерлер Слетінде балалар тарапынан қайта көтерілді. Бұл мәселеге “Атамекен” балалар ұйымы өз ұсынысын Слет делегаттарының қарарына енгізді. Нәтижеде, ҮІІ Республикалық Слеттің шешімі бойынша ұйым – бұрынғысынша В.И.Ленин атындағы Қазақстан пионер ұйымы деген атаумен қалды. Слет делегаттарының мұндай шешіміне наразылық білдірген “атамекеншілер” 1991 жылдың 7 желтоқсанында І Республикалық Құрылтай шақырып “Атамекен” балалар мен жастар қоғамдық бірлестігін құру жөнінде шешім қабылдайды. Бұл іске Б.Әуезова, Б.Бақтыбаева (Оңтүстік Қазақстан), М.Ахметова, К.Баринова, А.Омарова (Ресей), Б.Нұрмағамбетова (Өзбекстан), Г.Хасенова (Шығыс Қазақстан), Қ.Исин (Солтүстік Қазақстан), Г.Донбаева (Жамбыл), О.Нұрғалиева (Атырау), А.Қорғанбаев (Ақтөбе), Б.Ахметова (Алматы), Г.Мұхамеджанова (Талдықорған), С.Ғайнұшева (Батыс Қазақстан), Қ.Нағыманова (Қарағанды) және басқа ұстаз-тәлімгерлер ат салысты. 1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған соң, Қазақстан пионер ұйымы өз әрекетін тоқтатуға мәжбүр болады. Ол ұйымның басшылары Шайменова Дана (1990), Жаңабаев Бақыт (1992) сайланғанымен Одақ ретінде барлық оқушылар ұйымдарының бастарын қоса алмады. Мұндай селқостық республикамызда көптеген балалар ұйымдарының, атап айтқанда “Болашақ” (1995), “Жұлдыз” (1994), “Жас лидерлер ассоциациясы” (1995), “Қазақстан скауттарының ұйымы” (1995), “Мың бала” (1996) және басқа ұйымдардың пайда болуына ұйытқы болды. Қазақстандағы балалар ұйымдарының іс-әрекеттері мемлекет тарапынан еш бақылаусыз жүргізілді. Бұл үрдіс балалар ұйымдарындағы педагогикалық проблемалар жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілуіне кедергі келтірді. 2006 жылы “атамекеншілер” бастамасымен Қазақстандағы балалар ұйымдарының бастарын қосып, оларға мемлекеттік қолдау көрсету жөнінде ҚР білім және ғылым министрлігіне бірнеше ұсыныс жолданды. ҚР БжҒ экс-министрі Б.С.Әйтімова балалар ұйымдары ардагерлері мен лидерлері тарапынан жасалған бұл ұсынысты қабыл алып, балалар ұйымдарының Құрылтайының өтуіне қолдау білдіреді. Нәтижеде 2006 жылдың 25-28 тамыз айында Республикалық “Балдәурен” оқу-сауықтыру орталығында Қазақстан балалар ұйымдарының Одағын құру жөнінде І Республикалық Слет делегаттары маңызды шешім қабылдайды. Одақ (ҚБҰО) “Атамекен” бағдарламасын одақ бағдарламасы деп танып, Талғат Қазыбайұлы Егесіновті Президент етіп сайлайды. Жоғарыда аталған деректер Республикалық “Атамекен” балалар мен жастар қоғамдық бірлестігімен тығыз байланысты. Сол себепті, “Атамекен” ұйымы халықаралық конференция ұйымдастыру жөнінде бастама көтерді. Конференцияның өтуіне ҚР білім және ғылым министрлігіне қарасты Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы, Қазақстан балалар ұйымдары Одағы, Көкшетау университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты және Астана қаласы білім департаментіне (Бимендина А.Т) қарасты №58 қазақ орта мектебі (А.Қайырболатқызы) қолдау көрсетті. Конференцияның шақырылуына төмендегідей мәселелер себепші болды: 1. Қазақстандағы балалар ұйымдарының (1990-2000) дамуы мен қалыптасуы жөнінде арнайы педагогикалық ғылыми-зерттеу жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмегендігі. 2. Балалар ұйымдарына мемлекеттік қолдау көрсету жөніндегі ҚР Үкіметі тарапынан арнайы құжаттың болмағандығы. 3. Балалар ұйымдарына діни-экстремистік, террористік, қылмыстық ұйымдар мен топтардың ықпалының күшеюі. 4. Жас ұрпақ арасында нигилистік құбылыстың байқалуы; өз ана тілін, ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін білмейтін балалар санының артуы. Конференция шешімі: 1. Балалар ұйымдарының мәртебесін көтеру мақсатында “Қазақстандағы балалар ұйымдарына мемлекеттік қолдау көрсету жөнінде” ҚР Президенті Жарлығының жобасын бекіту. 2. Халықаралық балалар ұйымдарының дамуы мен өзара қарым-қатынас жасау мүмкіндіктері мен перспективаларын дамыту. 3. Халықаралық “СПО-ФДО” балалар қоғамдық бірлестіктері Одағы мен республикалық “Атамекен” балалар мен жастар қоғамдық бірлестіктері арасында тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында: - Бірлескен тәлімгер-вожатыйлар оқуларын; - Балалар ұйымдары лидерлері арасындағы бірлескен оқу-әдістемелік іс-шаралар; - Жыл сайын дәстүрлі ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, тренингтер - Электронды-ақпараттық, ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік т.б байланыстарды нығайту; 4. “Атамекен” бағдарламасын мемлекеттік бағдарлама ретінде қабылдануына ҚР білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасау. 5. Балалар ұйымдарының іс-әрекеті жөнінде мектеп, мемлекеттік органдар, ғалымдар мен ата-аналар арқылы ауқымды ақпараттық-сараптамалық орталық құру. 6. Интернет құралдары арқылы балалар ұйымдары арасында электронды-ақпараттық мүмкіндіктерді толығынан пайдалану. 7. Жоғары және арнаулы оқу орындарындағы “Педагогика”, “Педагогика тарихы” және “Психология” және т.б пәндерге балалар ұйымдары жөнінде арнайы бөлімді енгізу. 8. ҚР Заңдарында (Білім, Мемлекеттік жастар саясаты т.б) балалар ұйымына қатысы бар баптарына өзгерістер енгізу. 9. Оқушылар лидерлері, тәлімгерлер, сынып жетекшілер, “Атамекен” тәлімгерлері арасында жыл сайын “Атамекен” бағдарламасы бойынша түрлі ойын-сайыстар, оқулар, туристік жорықтар және басқа шаралар өткізілсін. 10. Мемлекеттік органдар тарапынан балалар ұйымдарының дамуы мен қалыптасуын қамтамасыз ететін әкімшілік басқармаларын құру. Мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен (ҚР Үкіметі жанындағы отбасы және гендерлік саясат жөніндегі комитет, ҚР БжҒ министрлігі, ҚР МжА министрлігі, БҰҰ, ЮНИСЕФ, ҚБҰО, Қазақстан футбол одағы т.б) бірлескен іс-шаралар жоспарлау. 11. БҰҰ “Бала құқын қорғау” Конвенциясы негізінде әр баланың танымдық, интеллектуалдық, техникалық, шығармашылық, спорттық, өнер және басқа мүмкіндіктерінің дамуына, оның заң жүзінде қорғалуына бағытталған шараларды жүзеге асрыру. 12. Балалар ұйымдарының лидерлері арасында өзара ынтымақтастық негізде бірлескен іс-шаралар (семинар, тренинг, симпозиум, интернет-конференция) өткізу. 13. Ресейдегі және басқа шет елдердегі қазақтар және басқа ұлттар диаспорасындағы білім, тәрбие, спорт, өнер және басқа этномәдени құндылықтарды насихаттау, оқып-тану мақсатында Р.Мәдиев атындағы Қасқат орта мектебінде (РФ, Омбы өлкесі) “Ұлттар достығы – Дружба народов” атты халықаралық балалар фестивалін өткізу. 14. Қазақстандағы балалар ұйымдары жөнінде оқулықтар, әдістемелік нұсқаулар, электронды оқулықтар, энциклопедиялық сөздіктер шығару. 15. Келесі ІІ Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №226 Б.Мергенбаев атындағы гимназия базасында өткізу жөнінде облыстық білім департаментіне ұсыныс жасалсын. Журнал "Жасstar", №3(29) 2011 г. [ Вернуться к содержанию ]
|