Кәсіптік білімдегі тұлға құзырлылығыҚазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру, сапалы білім беру арқылы жоғары білікті мамандарды қалыптастыру, оның ішінде қоғамның сұранысына қажетті кәсіби мамандарды дайындап, білім мен ғылымды интеграциялау арқылы кәсіптік білім сапасын жетілдіру мәселелеріне қол жеткізу, еліміздегі білім беру жүйесін дүние жүзілік озық тәжірибеге сай реформалауды талап етіп отыр. Бұл мәселеде әсіресе жоғары кәсіптік білім сапасын жетілдірудің алатын орны ерекше. Қазіргі күні еліміздің мамандар даярлайтын оқу орындары өзінің бүгінгі дамуы мен ертеңгі болашағын Болонья процесімен байланыстырады. Болонья процесі қолданысындағы басты тұжырымдамалық ұғымдардың бірі – білім игерудің нәтижесі ретінде танылып жүрген біліктілікті (квалификация) білімдарлықпен (компетенция) алмастыру. Осы тұрғыдан алғанда, білім игеру процесінің басты нәтижесі білімдарлықпен байланыстырылады. Біліктілік дегеніміз тұрақты контекстер мен алгоритмдер аумағындағы алдын-ала айқындалған әрекеттер арқылы маман дайындау. Ал білімдарлық (компетенция) деген не? Ол неліктен білім игеру процесінің басты мақсатына айналып кетті? Күні кеше ғана индустриялдық кезеңде бүкіл Әлем салыстырмалы тұрақтылы жағдайда еді: еңбек пен тауар өндіру нарықтары айқындалып, ұлттық және аймақтық экономикалар бір қалыпты, болжауға тұрарлық түрде дамитын, кәсіптер де көзге көрінетін бәлендей өзгерістерге ұшырамайтын. Бәрі де үйреншікті әрі болжаулы болатындығын: экономикалық даму капиталдың көлемі мен жалпы тауар өндірісін кеңейтумен шектелетін. Ал бүгінгі постиндустриялдық заманның басты ерекшелігі, керісінше, тұрақсыздық пен болжаусыздық, динамика мен өзгерістер. Оның себебі: ақпараттың шамадан тыс геометриялық прогрессияда ұлғайып отыруы, бұрынғы рыноктардың өз шекараларын өзгертуі және соның салдарынан туындаған жаһандану үрдісі, әлем экономикасының тауар өндіруден (қазір бұл саланы жұмысқа қатысушылардың тек 150/0-ін қамтиды) ауысуы. Соңғы жәйт өз кезегінде дәстүрлі кәсіптердің көптеп пайда болуына әкелуде: бәріміз де әрбір он жылда кәсіптердің 250/0-ке жаңалатындығын жақсы білеміз. Сонымен бірге кәсіптер керіктеруге (интеграцияға) қарай ойысуда, ортақ қасиеттер иемденуде: олардың ерекшеліктерінен ұқсастықтары басым болуда. Постиндустриалды кезеңнің тағы да бір ерекшелігі экономиканың адамға ауысуымен, адамның өндірістегі алатын орнының өзгеруімен байланысты. Адам енді өндірістің элементі емей, оның басты құндылығы мен артықшылығына айналуда. Экономика бүгін экономика үшін емес, адам үшін дамуда. Сонымен бүгінгі күнгі экономиканың басты мақсаты адамға, оның біліміне бағытталған. Алайда бұл жерде мәселе білімнің өзінде емес, оның әрекеттегі өзгеруінде, қолдануында болып отыр. Сол себепті де қазіргі адамцентристік (антропологиялық) экономикаға жаңа білімді мамандар қажет. Ал бұл талап біліктілік тұрғысынан емес, білімпаздық тұрғысынан ғана орындалуы мүмкін. Білімнің аяққы нәтижесі ретінде білімдарлық (компетенция) білімді, оқу\оқытуды маман даярлаудың тар ауқымында қалдырып қоймай, оларды дүниетанымдық, азаматтық, әлеуметтік, экономикалық, рухани-моральдік, этикалық, кәсіби тұрғыдан көлемді контексте қарастырады. Білімдарлық білім игеру процесін жоспарлаудан нәтижені айқындауға қарай ойыстырады, негізгі әрекет тұлғасы оқытушы деп есептелетін «оқытудан» («үйретуден») басты қозғаушы күш студент болатын «оқуға» («үйренуге») ауыстырады, салмақты білім «беруден» білім «алуға» түсіреді. Білімдарлық бүкіл білім жүйесін өз білімінің ауқымын, оны игерудің әдістері мен тәсілдерін өзіндік тұрғыдан айқындайтын, қоғам алдындағы өз біліміне деген жауапкершілікті терең түсінетін студентке бағытталуды талап етеді. Білімдарлық идеясы бойынша студент білімді өздігімен игеруі керек. Студентцентристік парадигма білім алушыларды шығарымпаздықтың (творчество) жаңа жаппай түріне ынталандырады. Ол - өмір шығарымпаздығы. Оның негізі ЮНЕСКО айқындаған білімнің ең басты төрт мақсатымен анықталады: Өмір сүре білу; Жұмыс жасай білу; Басқалармен бірге өмір сүре білу; Үйрене білу. Болонья процесінің аумағында 2004 жылы құрылған TUNING («Еуропада білім құрылымдарын сәйкестендіруге бағыттау») жобасы «білімдарлық» ұғымына келесі өлшемдерді жатқызады: - «білім және түсінік» (қандай да болмасын ғылым саласындағы теориялық білім, білу және түсіну); - «қалайша әрекет жасау керектігін білу» білімі (нақты ситуацияларда білімді практикалық және оперативтік тұрғыдан қолдана білу); - «қалайша болу керек» білімі (әлеуметтік контексте түйсіну мен басқа адамдармен өмір сүрудің ажырамас бөлігі болып табылатын құндылықтар) (Болонский процесс: середина пути, 2007). Білім игеру процесінің аяққы нәтижесі ретінде білімдарлық парасаттық (интеллектуалдық) қабілеттерді дамытуға бағытталады. Ал ол қабілеттер өз кезегінде білім алушыларға техникалық, экономикалық және мәдени өзгерістерді саналы түрде түйсініп, әлеуметтік тәртіп пен топ ішінде жұмыс жасай білу, бастамашылдық пен жауапкершілік, шығарымпаздық пен конструктивтік көзқарас, икемділік пен бейімшілдік сынды қасиеттерді өз бойына сіңіруге және дамытуға мүмкіншілік береді. Білімдарлық тұлғаны өзін-өзі ұйымдастыру, басқару, бағалау, қадағалау, түзету әрекеттеріне ниеттеп, оны «мен өмір сүремін» (Э.Фромм) өмір сүру қағидасына бағыттайды. Білімдарлық тұжырымын білім игеру процесіне енгізуді оқу жоспарлары мен бағдарламаларын нәтиже терминдерінде құрастыру арқылы бастау қажет: оларда оқытушы айқындаған мақсат тұрғысынан тұлғаның «не оқитындығы» (теориялық тақырыптар мен тапсырмалар) көрсетілмей, олардың оқуды (пәнді, курсты) аяқтағаннан кейін «не нәрсеге үйреніп шығуы керектігі» көрсетілуі қажет, яғни тұлғаның білімдарлығы оның не нәрсені біліп, жасай алатындығымен, оның өлшеуге мүмкін жетістіктерімен айқындалады. Сонымен қатар бұл жоспарлар мен бағдарламалар «тұлға үшін» жазылмай, «тұлғамен бірге» форматында құрастырылуы шарт. Бүгінгі тұлға мәдениеті жылдар өткеннен кейін тарих беттерінен табылып ұлттық менталитетті қалыптастырады. Сонда кешегі тұлға тәжірибесі негізінде қалыптасқан менталитет бүгінгі ұрпақ үшін тұлға тәжірибесі ретінде үздіксіз білім беру жүйесі арқылы білім мазмұнына ендіріліп, тұлға тәжірибесінің, ұлттық менталитетіміздің тәлімдік мәні ашылады. Яғни, кешегі өткен тұлғалар тәжірибесін, тұлғалық қасиеттерін, адамдық болмыстарын, құндылықтарын оқи, зерттей, үлгі тұта отырып қана өз тұғырындағы бүгінгі өмір талабына сай ертеңгі тұлға жетістіктерін «мәдениетін» қалыптастыра аламыз. Э.Н.Гусинский, Ю.И.Турчанинова еңбектеріне сүйенетін болсақ, «білім» өзінің классикалық анықтамасы бойынша тұлға жетістігі – дегенді білдіреді. Генетикалық анықтамасына сай білім – тұлға қалыптасуының, дамуының, адамгершілік нормаларын қабылдауының тұтас үрдісі. Жеке тұлғалық парадигма – бұл қасиеттері алдын-ала анықталған тұлға қалыптастыру емес, тәрбиеленушінің тұлғалық қасиеттерінің жарық көруіне, тұлғалық дамуына жағдай жасау. Біздің ойымызша, тұлғалық тәжірибе білім беру мазмұнымен, білім беру үрдісімен етене қауышып жатқан жағдайда ғана жеке тұлғалық білім беру парадигмасы, біртұтас жүйе, біртұтас үрдіс ретінде қалыптаспақ. Жеке тұлғаға бағытталған білім беру технологиясының да білім парадигмасының да мәні әр оқушының өзіндік тәжірибесінің оқу үрдісінен тысқары қалып қоймай осы үрдіс барысында дамуында. Педагогикалық үрдістің субъект-субъектілік табиғаты да субъектілер тәжірибесінің оқу үрдісі барысында дамуында. Бүгінгі білім беру сапасы – бұл біздің қоғамымыздың ертеңі. Сондықтан да «Неге оқыту керек? Қалай оқыту керек? Кімді оқыту керек?» деген бұрынғы шешілетін теориялық-практикалық міндеттер бірігіп кетті. Барлық әлемдік кеңістікте «бүкіл өмірінің білімінен» «өмір бойғы білімге» принципі бойынша білім беру идеологиясы өзгеруде. Жалпы педагогиканың «Кімді оқыту керек және неге оқыту керек?» деген проблемалық үш сұрағының бұл екеуі педагогикалық тұжырымдамалық жағдайына сәйкес келеді, ал үшіншісі – «Қалай оқыту керек?» деген сұрақ бойынша оқыту технологиясы жоғары мектептердегі кәсіптік білім сапасын жетілдірудің мәселелерін шешуде инновациялық әдістерді анықтауды қажет етеді. Кәсіптік білім сапасын жетілдірудің жаңа жүйесінде оқытушы тұлғаға өздігінен білім алудың түрлі әдістері мен жолдарын көрсете отырып, тұлғаның өз бетімен жасайтын танымдық әрекетінің ұйымдастырушысы болып табылады. Кәсіби шеберлік – бұл кәсіби іс-әрекеттегі субъекттің үнемі өсу үстінде болатын өзін-өзі дамыту үрдісі. Кәсіби шебер мұғалім еңбегінің ішкі үрдісіндегі басымдық рөлі оқытушының жеке тұлғасына, оның құндылықтарына, идеалдарына тәуелді, ал біліктілікті әдіс-тәсілдер үшін ең маңыздысы шеберлік арқылы жүзеге асырылып, толықтырылып отыратын кәсіби ұстанымдар мен психологиялық қасиеттер қажет болып табылады. Білім философиясы, білім парадигмасы, білім стандарты үлкен өзгеріс үстінде.Білім философиясындағы негізгі құндылық – адам. Білім парадигмасындағы пәндік-білімдік көзқарас жеке-тұлғалық сипат алып отыр. Білім стандарты жаппай міндетті білім, білік, дағдының орнына күтілетін нәтиже ретінде тұлға құзырлылығын қойып отыр. Бұл орайда Джон Равен құзырлылық табиғаты индивидтің өздік дамуының, өзін-өзі ұйымдастыруының, қызметтік, тұлғалық тәжірибесін жинақтаудың салдары деген пайымдауына сүйене отырып, ең бастысы: - білім беру аймақтарындағы құзырлылық деңгей белгілерін анықтау; - қажетті және жеткілікті тапсырма-ситуациялар жинағын айқындау; - қиын ситуациялардан шығудағы оқушы қызметін ұйымдастырудың технологиясын ойластыру керек деген тұжырымға тоқталуға болады. Журнал "Жасstar", №2(28) 2011 г. [ Вернуться к содержанию ]
|