«Махаббат» отбасына бір жыл
«Махаббат» отбасының тəрбиешісі Ж. Қожахметова, Степногорск қ.
|

Туған күнің құтты болсын «Махаббат», Тілейміз біз бақыт пенен шапағат. Отбасының шырақ оты алаулап, Жүріңдерші бір — біріңді аялап.
Қазақ халқы қашан да жетімі мен жесірін жылатпаған, халық даналығы тек сөзбен ғана емес, іспен де осы ұстанымын дəлелдеп келген. Соның айғағы да болар, даналарымыздың «Жетім көрсең, жебей жүр» деген аталы сөзі бүгінде əр адамзат баласының жүрегі мен санасынан толымды орын алып бізге жеткені. Еліміз егемендік алып, етек-жеңімізді жиғаннан бері ұлттық сананы қалыптастыру бағытында қоғамымызда біраз өзгерістер болып жатыр. Президентіміздің көрегендікпен жүргізіп жатқан бірізді саясатының арқасында тіл мəселесін болашақ ұрпақ биік тұғырға қойып, өмірлік ұстанымы етуді тəрбиеленушілердің бойына сіңіре отырып, болашаққа нық бастыру – басты талап. Ол осында тəрбиеленіп жатқан қаракөз балаларымызға тал бесіктен басталатын өзіндік қалпы мен салты, қағидасы мен əдет-ғұрпы бар ұлттық тəрбиені, құрмет, мейірім, ізет, парасат атты қасиеттерді өміріне бойтұмар ете алғызу – біздің міндет. Осы талапты міндет деп санаған, өмірлік ұстанымы еткен Степногорск қаласы № 4 балалар үйінің əкімшілігі 2009 жылы ұлттық «Махаббат» отбасын ашты. Балалар үйінде қазақ отбасының ашылуы біз үшін үлкен мақтаныш, əрі абырой. «Мақтаныш» дейтініміз – Жұбан атамыз айтқандай, «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың тілі мен рухын бізге көтеру сəті түскені, ал «Абырой» дегеніміз – бала санасына осы қасиеттерді сіңдіре отырып, ертеңгі азаматымызды ер баласы емес, ел баласы бола алдыру. «Махаббат» отбасының алғашқы тəрбиешілері тəжірибелі ұстаз, өздері ана, əже болып отырған Хаби Айтжамал Абдықайқызы мен Райынбекова Райхан Төлешқызы болды. Өткен бір жыл аз ба, көп пе? Иə, бір қарағанда аз ғана уақыт болғанымен, отбасы болып қалыптасу үшін талай сынды басымыздан өткеріп, қиындықты жеңе білуге тура келді. Жас ерекшеліктері, жынысы, ұлты бөлек, əрі əр түрлі тəрбиемен келген балаларды бір ұяға біріктіріп, өзара сүйіспеншілікке, жанашырлыққа, жауапкершілікке тəрбиелеу оңай іс емес. Бір-біріне бауыр ретінде қарап, өздерін бір жанұяның балаларындай сезініп, ортақ мүддеге жұмылдыру қажырлы еңбекті, тер төгуді қажет етеді. Атап өтерлік қиыншылықтардың бірі – балалардың қазақ тілінде сөйлемеуі. Отбасындағы өзге ұлт өкілдерін айтпағанда, қазақ балаларының өзі ана тілін дұрыс білмеуі. Елбасы Н.Ə. Назарбаев «Біздің тілден артық қазынамыз жоқ. Еліміздің болашағы – қазақ тілінде» деп атап көрсеткені баршамызға белгілі. Мемлекеттік тілді білу бүгінгі күннің қажеттілігі екені баршамызға аян. Қазақ тілін, салт-дəстүрін, əдет-ғұрпын білу арқылы балалардың өмірге деген көзқарасы қалыптастыру, тарихын, дінін, ділін тереңірек танып-білуіне жол ашу. Міне, осындай еңбектің соңында жүріп, бір жылды да еңсеріппіз. 2010 жылдың 18 қаңтарында отбасы тарихындағы айтулы күн болды. Бұл біздің отбасымыз – «Махаббаттың» 1 жасқа толған туған күні. Бұл туған күн мерекесін отбасы мүшелері асыға күткен болатын. Осы күнге дейінгі өткен түрлі шаралар – саяхаттар, мерекелер, түрлі байқаулар мен сайыстағы жеңістер, спорттағы жетістіктер бəрі-бəрі сарапталып, көз алдымыздан өтті десек, ертеңгі күнге жаңа белестерге жету міндеттерін белгіледі. Айтулы мереке болғаннан кейін қол жеткізген табыстарды атап өтуді жөн көрдім. Отбасымыздың үлкені, біріне аға, біріне ақылшы, өз қатар құрбыларына адал дос Дамир Əбілқайыров – əлеуметтік-гуманитарлық колледжінің бірінші курс студенті. Сабағын жақсы оқумен қатар өнерден де құр алақан емес. Колледж бойынша география пəнінен өткен олимпиадада жүлделі I орынға ие болды. №6 гимназия-мектебінде өткен неміс тілі пəнінен өткен олимпиадаға Вайгина Əсем қатысып, бағын сынады. Көрсеткіші жаман емес. Кішкентай Колямыз қаламыздың №1 балабақшасына барады. Тіл сайыстарының жүлдегері. Салауатты өмір салтын насихаттау ісінде біздің отбасы көш ілгері алда. Олар өзіміздегі еркін күрес, волейбол, баскетбол, футбол, ауыр атлетика секцияларына қатысады. Атап айтсақ, Əбілқайырова Эльмира 2008 жылы Шымкент қаласында еркін күрестен өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында күміс жүлдемен оралса, Əбілқайырова Эльвира – осы спорт түрінен облыс чемпионы. Қала бойынша өткен ауыр атлетика біріншілігінде Дьячук Александр жеңімпаз болып саналып, Құлмағамбетов Жантілеу қалалық үстел теннисінен жеңімпаз болып оралды. Міне, барлығымыз асыға күткен мереке де басталды. Мереке қонақтары Степногорск қаласы əкімінің орынбасары Г.Ə. Сəдуақасова, қалалық білім бөлімінің бастығы Т.В. Семенюк, қалалық «Нұр Отан» ХДП төрайымы Г.М. Əбілова болды. Құрметті қонақтар өздерінің жүрекжарды тілектерін айтып, балаларға арналған сыйлықтарын ұсынды. Ал, үлкен үйіміздің анасы Раиса Анатольевнаның сыйлығы əдеттегідей ерекше болды. Сыйлыққа аквариум алған балалардың қуанышында шек жоқ. Бір-бірін қуана құттықтап, əннен, күйден, биден шашу шашылды, сахналық қойылым да қонақтарға тарту етілді. Корытындылай келгенде айтарымыз, алдымызға қойған талап-мақсаттарымыз зор. Бастысы – ананың алақанын, əкенің қамқор құшағынан ерте айырылған қам көңіл баланы қатарынан кем қылмай, елінің бетке ұстар азаматы етіп тəрбиелеу, олардың əрқайсысы – тəуелсіз еліміздің болашағы. Ендеше мақсат биік, мүдде бір. Сөз соңында айтарымыз, бізге қол ұшын созып, көмек көрсетіп, қолдап жүрген жандардың бəріне алғысымыз шексіз. Отбасы болып қалыптасудың алғашқы іргетасын қалаған тəрбиешілер Хаби Айтжамал Абдықайқызы мен Райынбекова Райхан Төлешқызына газет арқылы балалардың атынан ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта отбасымыздың бұдан əрі көркейіп, гүлдене беретініне сенімдіміз.
Журнал "Жасstar", №2 (24) 2010 г. [ Вернуться к содержанию ]
|