Ардақты ардагерлер!
Сардарлар мен сарбаздар!
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев Астана, 7 мамыр 2010 ж. |

Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесі құтты болсын! Менің жарлығыммен осыдан 18 жыл бұрын республикамыздың Қарулы Күштері құрылды. Біз тәуелсіздігіміздің таңы жаңа атқан тұста ұлттық армиямызды жасақтадық. Содан бері осы күнді жыл сайын Жеңіс мерекесімен бірге атап өту игі дәстүрге айналды. Мен бүгін осы мерекеге орай елге еңбегі сіңген жандарға мемлекеттік марапаттарды тапсырғалы тұрмын. Жоғары марапат иелерін қуаныштарымен құттықтаймын! Ұлы Жеңістің 65 жылдығының құрметіне менің арнайы жарлығыммен арнайы мерекелік медаль тағайындалғанын білесіздер. Онымен бүгінге дейін ардагерлер, көптеген тұлғалар марапатталды. Екінші дүниежүзілік соғыста біздің ержүрек отандастарымыз жауынгер бабаларының даңқты жолын лайықты жалғастыра білді. Олар қазақтың қайсар, рухы биік, батыр халық екенін дүние жүзіне дәлелдеп берді. Арын – байрақ, намысын найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Қазақстан Ұлы Жеңіске зор үлес қосты. Бес жүзден астам қазақстандық жауынгер Кеңестер Одағының Батыры атанды. Талғат Бигелдинов, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова сынды қазақтың батыр ұл-қыздарының ерліктері ұрпақ жадында өшпестей із қалдырды. Жасанған жауды біз жұмылған бірлігімізбен жеңдік. Қанқұйлы соғыс жылдарында бүгінгі Қазақстан халқының мызғымас бірлігі қалыптасты. Аласапыран заманда тағдыр тоғыстырған ұлт өкілдері қазақ жерінде бір отбасының баласындай бауырласа түсті. Біз ел басына түскен зұлмат жылдардың зілдей салмағын жан-жүрегімізбен сезініп өстік. Сондықтан, біз адамзат баласына орны толмас қайғы-қасірет әкелген сұм соғыстың жер бетінде енді қайталанбауын тілейміз. Құрметті ардагерлер! Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметкерлері! Менің жарлығыма сəйкес 356 адам мемлекеттік марапатқа ие болды. Өкінішке қарай, олардың арасында ерлікпен қаза тапқандар да бар. Біздің заманымыздың сарбаздары да əскери тапсырмаларды орындай отырып, елімізде құқықтық тəртіп орната отырып, бейбіт күннің өзінде ерен ерліктерін көрсетуде. Олар Тəуелсіз Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайта түсу үшін өз үлестерін қосуда. Құрметті қазақстандықтар, ардақты ардагерлер! Ұлы Жеңістің мерейтойымен тағы бір мəрте құттықтауға рұқсат етіңіздер! Журнал "Жасstar", №2 (24) 2010 г. [ Вернуться к содержанию ]
|