Перейти в форум
 
 

Главная страница - Журнал "Жасstаr"

Журнал "Жасstar"

Слово - ученому

ІЛИЯС ЕСЕНБЕРЛИННІҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

Амангелді ҚАШҚЫМБАЕВ, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Ақмола облысы Атбасар қаласында дүниеге келген. Кеңестік əдеби шығармашылардың арасында саны жағынан алғанның өзінде ең көп романдар мен басқа да жанрда жазылған шығармаларымен ерекшеленген жазушының есімі ондаған тілде сөйлейтін оқырмандар есінде, əрине, өзінің «Көшпенділер» трилогиясымен таныс. Оқырмандар жүрегінен əсіресе өзінің тарихи шығармаларымен орын алған жазушының келесі, 2015 жылы, дүниеге келгеніне 100 жыл толуына байланысты меретой əлемдік деңгейде тойланбақшы. 2012 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттары Е.К. Астаев, С. Ақылбай, К. Айтаханов, М. Алтынбаев, М. Бахтиярұлы, А. Бижанов, С.Қ. Еңсегенов, Ж.Е. Ерғалиев жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойын əлемдік деңгейде ЮНЕСКО-ның эгидасында тойлау туралы ұсыныс жасап, үкіметтің аты-нан осы халықаралық ұйымға ықпал ету туралы cұраныс жасаған. 2013 жылы 5-20 қазан аралығында Париж қаласында өткен Бас конференцияның 37 сессиясы қабылдаған Актіге сəйкес қазақ жазушысы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойы аталған халықаралық ұйымның өткізілетін шаралары тізіміне еніп отырғаны өте қуанышты. Жазушының өмірі мен шығармашылық жолдарын зерттеуге байланысты еңбектер аз емес. Оның үстіне, жазушының туған қаласы – Атбасар қаласындағы «Есенберлин əдеби мұражайы» қызметкерлерінің де ондаған жылдар бойы жүргізген ізденіс жұмыстары, нəтижесінде мұражай қорынан орын алған естеліктер мен басқа да деректер Ілияс Есенберлиннің балалық шағы, жастық кезі мен еңбек жолы туралы насихат жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беріп отырғаны сөзсіз. Осылайша, өзімізше қанағат тауып жүргенімізде, біз Ақмола облысына қарасты Державин қаласында жазушының жақын туысы Шəкіш Абдрахманқызы Есмағамбетова тұрады екен деген мəлімет алдық. Шындығын айту керек, Ілияс Есенберлин туралы біраз мəліметті оның інісі Раунақтың хаттары мен естеліктерінің негізінде жүйеге келтіру əрекетінде жүрген біз үшін жазушы туралы қандай да болмасын тың дерек өте маңызды. Соның ішінде, мысалы Ілияс ағамыздың өзі көп еске алатын «Балуанкөл» деген жердің нақты қай маңда орналасқанын, ашаршылық кезінде жазушының Қарсақпай аудандық партия комитетінің хатшысы Теляевтің атына жазған хаты болған екен дегенді анықтау үшін Жезқазған, Қызылорда облыстық мұрағаттардан деректер таба алмай жүргенде, сексен жастан асқан Шəкіш апаймен кездесіп, сұқбаттасу біз үшін өте қажет болатын. Бірнеше рет телефон арқылы əңгімелесіп, ақырында кездесу мүмкіндігі осы жылдың 1 сəуіріне тұспа-тұс келді. Державин қаласында тұратын Əнуарбек Райымбеков деген азаматтың ұйымдастыруымен сол күні Шəкіш апаймен кездестік. Əрине, тарихшы болғаннан соң біз біріншіден Шəкіш апай айтқан əңгімелердің деректілігіне (əсіресе туыстық жағына) назар аударғанымыз да шындық. Міне, сол апайдың алғашқы көрсеткен фотоқұжаттарының бірі Ілияс Есенберлиннің жұбайы – Диляра апайдың суреті болды. Бұл фотосурет оқырмандарға Асан Номадтың еңбегі арқылы да таныс. Бірақ, Шəкіш апайдың қолынан əбден ескірген суреттің түпнұсқасын көргенде, апайдың Дилярамен шыныменен кездескені туралы ешқандай күмəн болмады. Шəкіш апай мен Диляраның кездесуі 1946 жылы Алматы облысы Түргенннің жанындағы Жаңаталап деген ауылда болған. Осы жылы мектепті енді бітірген Шəкіш апай Жаңаталап ауылы басқармасы Шəкір ағасының үйінде қонақта болғанда Дилярамен кездескен. Фотосурет сол жолы сыйланған. Ал Ілияс Есенберлиннің бұл үйде болғаны да дау тудырмауға тиіс. Өйткені, Түрген совхоздарының біріне туған жездесінің директор қызметіне орналасуына Ілияс көмектесті деген дерек бар. Өкінішке орай Шəкіш апай Ілияс пен Раунақ Есенберлиндержөнінде көп əңгіме айта алмады. Осылай деп отырсақ та, ол кісіден естіген Есенберлиндер шежіресі, мүмкін, тағы да біраз туыстарды тауып алуға түрткі болар ма екен деген ойдамыз... Шəкіш апайдың айтқандарына қарағанда, Есенберлиндер төмендегі аталарынан тарайды: Алтай -Байдолы, Сеңгірбай, Жанұзақ, Мамырбай, Өтеміс, Бітеубай, Есмағамбет, Əбдірахман. Солардың ішінде Есмағамбеттен туғандар тоғыз ұл, бір қыз (солардың ішінде Шəкіш апай атағандары: Есенберлі, Тоқмағамбет, Жұппай. Əбдірахманнан 5 ұл, 5 қыз болған (солардың бірі –Шəкіш апай). Əбдірахман болса Бітеубаев болып жазылған. 2001 жылы Есенберлин қоры шығарған кітапта (Есенберлин И. Сокровенное: мысли. Изречения. Воспоминания. – Сост. Козыкорпеш Есенберлин. – Алматы. – 2001) Есенберлиндер шежіресі сəл басқаша екенін ескертеміз: Алтай – Есімбек, Сегірбай, Мамырбай, Аймолда, Жекебатыр, Бітеубай, Есенберлі. Ілияс пен Раунақ Есенберлиндер туыстары, ағайындары туралы көп мəлімет қалдырмаған. Əкелері қайтыс болғаннан кейін, өгей əкелерімен тұрған. Ал шешелері қайтыс болғаннан кейін Раунақ Жұмабек деген ағайынының қолында қалып, Ілияс болса біршама уақыт өгей əкесінің қолында болып, кейін аралары ашылып кетіп, біршама уақыттан соң енді ғана ашылған балалар үйіне қабылданады. Ол кезде оны «жетімектер паналайтын жер» деп атайтын дейді Раунақ. Осыған қарамастан əсіресе Раунақтың туыстары туралы естеліктері өте сезімге толы. Ол інілерінің əрбір жетістіктеріне əрқашанда қатты қуанышта жүретін əпкелері Назымның өнегелі тəрбиесін жылы лебізбен еске алып, əкелері Есенберлінің өзінің жақын бауыры Жұппаймен бірігіп қаланың шет жағындағы салған үйде Атбасарда бəрі бірге өткізген соңғы жаз туралы жиі еске алып отырады. Ілиястың болсын, Раунақтың болсын бала кездерінен есте қалған оқиғаның бірі – Атбасар қаласына Қызылжардан (Петропавл – А.Қ.) педагогикалық техникумы студенттерінің келуі екен. Бұл сол кездегі Атбасардағы болған елеулі сəттердің бірі болса керек. Студент жастар қаладағы халық үйінде көптеген спектакльдер қойылымын ұйымдастырса, солардың ішінде С. Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлары», М. Əуезовтың «Еңлік – Кебегі», «Арқалық батыры», т.б. болған. Біржан мен Сараның айтысын көрсетіп, басты рөлдерді орындаушы Есенберлиндердің атастырылған апаcы Базарайым Хасенова еді. Өз естеліктерінде Раунақ ол апаларының өте əдемі, ақкөңіл екендігін еске ала келе, апаларының кейін Алматыда жауапты қызметтерде жүргенде арақатынастарының үзіліп кеткендігі жəне ол туралы Ілияс пен екеуінің талай өкінгендерін айтады. Өзінің бір əңгімесінде Базарайым Хасенова өткен күндерді еске алғанда Ілиястың бала кезінен өте пысық болғандығына назар аударған. Əртіс апасы Петропавловскіден келерде ол қалалық Советке барып, көмекке он сом ақша сұрап алады. Сөйтсе ол жердегілер оның он сомның көлемінде ақша ұстатып жəне де оны ылғи бір сомдықтармен берген көрінеді. Ілияс оны жатса-тұрса да уысында ұстап жүріп, апасы келген күні қолына ұстатқанын айтып еске алады ол кісі. Осыған қарағанда, Ілияс пен Раунақ туыстарының оларға деген жақсылығы ешқашан естен шығармаған. Бар өкініштісі, пендешілікпен жасаған қателігі үшін түрмеге түсіп, оны өтеп Атбасарға келген кезінде қол ұшын бере алмаған елі мен туыстарына деген өкпе... Шəкіш апаймен кездесу бары-сында біз бір-екі мəселені анықтап алғымыз келді. Соның ішінде, мысалы, 1946 жылдары апасы Назымның Қарсақпайдан Алматыға көшіп келуі. Кейін апасының соңынан еріп келген жездесі Сейітқалидың Түрген маңындағы бір совхозға директор болып тағайындалуының тікелей Ілияспен байланыстырылуы туралы дерек болатын. Байқап отырсақ, бұл жерде де Ілиясқа əкесінің ағайыны Жұппайдың ұрпақтарының көмегі де жоқ емес сияқты ... Раунақтың болсын, Ілиястің өз айтқандары бол сын, Есенберлиндердің өмірлік көзқарастарының жас кезден бастап ерекше қалыптаса бастауына əсер еткен уақиғалардың бірі – Атбасардан қырық шақырымдай жерде орналасқан Балуанкөлдің маңында өткізген кездер. Əсіресе Кəкбай есімді қырғыз ақыннан естіген көптеген аңыз-əңгімелер. Қырғыздар ішінен шыққан бұл ақын домбыраның үйемелдеуімен қазақ батырлары туралы жырлары мен эпостарды, лирикаға толы дастандарды көп орындайтын болса, көпшілікпен бірге оны аса құмартып тыңдайтындардың бірі Ілияс Есенберлин болған. Кəкбай ақыннан Ілияс алғашқы рет Асанқайғы, Бұхар жырау, Едіге, Қобыланды, Абылай, Кенесары, яғни өзінің болашақ шығармасы «Көшпенділердің» бас кейіпкерлері туралы естіген. Қазақ ауыз əдебиетіне деген ерекше қызығушылық оның бойында осылайша орын ала бастаған. «Кеш түсе ауыл адамдары үлкен оттың басына жиналатын. Алтыбақан орнатылып, жастар өлең айтып, түрлі ойындар ұйымдастырып көңіл көтеретін. Шамалы уақыттан соң бұл жерге осы ауылға өте құрметті Кəкбай (Какбай) келетін. Ол домбырада ойнауды əбден меңгерген, қазақтың жырлары мен аңыздарын көп білетін. Жиналған жұрт болса ақынды қоршап отыра қалып, домбыраның сүйемелдеуімен бір шығарманы орындап беруді сұрайтын. Домбырасын қолына алып, реттей бастағанда жұртпен бірге жүрген Ілияс пен Раунақ міндетті түрде ақынға жақын орын табушы еді» - деп еске алатын да Раунақ Есенберлин.. Міне, осы Балуанкөлдің қай жерде екені туралы деректер əртүрлі болып кеткен. Раунақтың естеліктеріне негізделе отырып, өлкетанушы,  Ілияс Есенберлин туралы көптеген деректер жинап, кезінде жазушының өзімен де кездескен, ал ағамыз дүниеден өткен уақыттан кейін оның есімін мəңгілік ету барысында Атбасар қаласында Есенберлин атындағы əдеби мұражайдың ашылуына көп еңбек сіңірген Клара Əмірқызы, Балуанкөлді Атбасардан қырық шақырымдай жерде орналасқан деп көрсетеді. Атбасарға жақын жерден Балуанкөлді таба алмай, мүмкін ол Балкашино ауданына қарасты бір жерлер емес пе екен деп жүргенде, мəселе басқаша болып шықты. Шəкіш апаймен əңгіме барысында  тілгеніміз, Жұппайдың қыздарының бірі Тазагүл қырғыз руының жігітіне тұрмысқа шыққан. Мұқажан есімді сол жігіттің тұрған жері – Балуанкөл. Бұл төңірек бізге Қарақойын деген атаумен белгілі. Яғни, қазақтардың жайлауы. Тіпті, кеңестік заманның өзінде жаз түсе Атбасар жəне көршілес жатқан аудандардың малшылары көп малдарын сол жаққа жайлауға көшіретінін білетінбіз. 1960-70 жылдары осы аймақта арнайы «ХХІ партсъезд», «Гагарин», «Титов», Фурманов, Чапаев, Ленин атындағы совхоздар да ашылған. Бізге дерек жинауға көп көмектескен Əнуарбек Райымбековтың айтуынша Мұқажан 1954 жылдардың төңірегінде Державин ауданына көшіп келген. Осы маңда қайтыс болып, жерленген. Есенберлин Ілияс пен Раунақтың жаз шыға Балуанкөлге кететіні – Мұқажан жезделері мен Тазагүл апаларының арқасы болса керек. Əрине, бізді қызықтырып отырған Балуанкөл ғана емес. Десек те, осындай кездесулер «уақытынан озған» жазушы Ілияс Есенберлин туралы көп мəліметтер берері сөзсіз. Ал Есенберлин мұражайы болса Шəкіш апай туралы аудио, бейне деректермен толықтырылды ...

Журнал "Жасstar", №4 (42) 2014 2014 г.


[ Вернуться к содержанию ]

НОВЫЙ НОМЕР

№1-2 (51-52) 2017

Архив номеров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Перейти в фотогалерею

 

ПЛАН МЕРОПРИЯТИЙ

Просмотреть мероприятия

ПОИСК ПО САЙТУ



 

© 2006 – 2024 Республиканский Союз детских общественных организаций Казахстана «Жулдыз».
Адрес: Республика Казахстан, г. Кокшетау, ул. Абая, 112 а, офис 207 (2 этаж). Телефоны: 8 (7162) 502591, 721226, e-mail: sdoozhuldyz@mail.ru
При перепечатке материалов ссылка на источник обязательна. Авторы Интернет-проекта www.zhuldyz.kz: Данил Конищев, Лидия Тришечкина, web: Муратбек Жусупеков.
Сайт работает при финансовой поддержке Авторской группы DALI

Перейти на главную страницу Перейти в форум