Перейти в форум
 
 

Главная страница - Журнал "Жасstаr"

Журнал "Жасstar"

Уроки нравственности

Мектеп жəне дін

Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы,

Қоғам ауылы, Рамазанова А.К.,

Жоғары санатты мұғалім

Ақылды қауым бала тəрбиесін ең маңызды мақсат деп біледі. «Əр қауым өзін-өзі түземей, оны ешкім түземейді» дейді Құранда. «Жаманның бір тойғаны – байығаны» дегендей, «Балаларымның көйлегі көк, қарны тоқ» деп ақымақтар мақтан қылады. Ал ақылдылар балаларының қарнын ғана ойлап қоймай, рухани азық тауып беруге де тырысада. «Бірінші байлық – денсаулық» деген мақалды ақымақтар «Маған тек қана балам палуан болса» деп түсінсе, ақылдылар «Батырды екі қатынның бірі таба береді, биді мыңның бірі ғана табады» деген ұғыммен, баланың бойынан ойы асса екен деп ілім беруге тырысып, имансыз адамның дені сау болмайтынын біледі.  Білімді қауым «Жігітке – жеті үйден тыю, қызға – қырық үйден тыю» деп, өз баласы түгіл, елдің балаларын да əркім жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю парызын түсінеді. Жаманның баласын жамандықтан тыюға əрекет істеген жақсыға жаман ренжиді: «Менің баламда не жұмысың бар?» деп.  Жақсының баласын жамандықтан тыйсаң, жақсы ризашылығын білдіреді.

Жақсы-жаман деген не? Оны қайдан біліп үйренуге болады? Тек қана ата-ананың, не мектептің, не қауым елдің ғана парызы ма? Құранға сенсек: «Алла адамның иманын ашпай, оның иманын ешкім ашпайды» дейді. Бұл шыңдық. «Жеңіс əрқашан егіз, жеңіліс əрқашан жетім» демекші, жақсы баланы бəрі де мен үйреттім, мектеп біздің арқамыз, ата-ана біздің арқамыз деп таласады, ал жаман балаға ата-анасы кінəлі деп, не мектеп, не қауым кінəлі деп бəрі бір-біріне сілтеп, азар да безер болады. Ешкімнің еңбегін бағалаусыз қалдыруға да, ешкімнің қателігін елеусіз де қалдыруға болмайды. «Жабыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бала тəрбиесі – барша елге парыз. Ал ел қандай түсінік пен өмір сүрсе, сол түсінікті балаға үйретеді.

Бірақ тарихқа үңілсеңіз, имансыз елден имандылар шыққан, иманды елден зұлымдар шыққан. Бүгінгі күнге қарасақ, депутаттың баласы əкесінің жиғантергенін казиноларға шашып, нашақор болып жүр.

Ал қойшының баласы депутат болып жүр. Ал сол депутат болған қойшының баласы казинолатып кетпейтініне кім кепіл бере алады? Сонда бұл өмірдің мағынасы неде? Иманда!!!

Бұл өмірдің мағынасы – бай болу емес, адам болу. Ал адам болу жолы: дүние қумай, рухани білім қуу, имандылық. Білім дегеніміз не? Тек қана ғылым қусақ, біреуміз үлкен физик болып, атом бомбасын жасап, білімімізді зұлымдыққа пайдаланамыз, ол – имансыз білім. Ал имандылық деген не? Абай атамыздың 17 қара сөзінде айтылғандай, «имандылық: ақыл, қайрат, жүрек, бұлардың біреуі кем болса, ол адам кем, имансыз». Жүрек жылуы жоқ ақылды кісі компьютерге тең; жан жылуы жоқ, жүрегі жұмсақ ақылы жоқ кісі көрінгеннің төсеніші; ақылы бар, жүрегі бар қайратсыз кісі жақсы-жаманды біледі, тек адамға білу аз, сол білімді қолдана білуі керек, ал қайратсыз кісі өзін де, елін де жаманнан тыя алмайды, жақсысын қорғай алмайды. Ал ақылды, қайратты, бірақ жүрек жылуы жоқ кісі – хайуан. Төбет, қасқыр да ақылды, қайратты. Бұндай кісілер бар ақыл, қайратын біреудікін тартып жеуге, күші жеткенге зорлық көрсетуге жұмсайды, үлкен билікке де жете алады.

Египеттің Перғауны құсап, бірақ сол билікте тиран болады. Тек қана ақыл, жүрек, қайраты бар адам бай болса да, батыр болса да адамгершілігінен айырылмайды, өмірдің қилы сындарынан жасымай өтіп шыңдала береді, гауһар тас секілді, қайраған сайын қырланып, мөлдірлене береді. Ал осы имандылықты қайдан үйреніп, шыңдалуға болады?

Менің пікірімше, Құраннан. Бар білімді оқып-тоқып Құранды оқымасаңыз, көп нəрсені білмей имансыз қаласыз. Ал жалғыз Құран оқи келе «білем» дегендерден имандылығыңыздың арқасында бір саты жоғары екеніңізді сезінесіз.

Сондықтан мектептерге дін тəрбиесін енгізу не енгізбеу деген сұрақ тұрмау керек. Енгізу керек, бірақ дін ойыншық емес. «Дін – апиын» деген сөздің де жай айтылмағанын түсініп, оттың адамға қанша қажеттілігін білсек, оның қанша қауіпті екенін білеміз ғой, сол сияқты дін, иман да ауадай қажет, бірақ отпен ойнамау керектігін, дінмен қалай жұмыс істеп, дұрыстыққа пайдалана алатынын білсек болды.

«Сіздер неге тарихқа үңіліп, содан сабақ алмайсыздар?», – дейді Құран. Тарихқа үңілсек, адамды иманды қылу жолында діннің істеген еңбегі зор. Бірақ сол дұрысты бұрыс қылып, елді улаған дін емес, екіжүзді дін басшылары. «Битке ренжіп тоныңды отқа тастама» дегендей, нан кесетін пышақты жауыз қарақшылыққа пайдаланса, пышақтың онда кінəсі жоқ қой, енді қалай ұстаны, не темірді кінəлаймыз.

Шəкəрім атамыз айтқандай: «Əулие пайғамбар айтты десе дағы, ақыл қабыл алмаса ол маған жат, шатақ дінге, білгішке, не əдетке ноқталатпай ойымды қылам азат», – деп, көптеген күдікті діндар əулиесымақ, имам, ишанның айтқанына ермей, білімді Құранның өзінен іздеп үйрену керек. Ал Құранның бірінші талабы имам, шахид, жомарт бол демейді, иманды адам бол дейді. Құдай тағала бəрімізге – еврейге де, орысқа да, қазаққа да бір дейді. Ибрахим(Авраам), Муса(Моисей), Иса(Исус) Мұхаммед – бəрі біздің пайғамбарларымыз дейді, бəрі теңдік, бейбітшілік, əділдік үшін күрескен, олардың бəрі мұсылман болған дейді.

Мұсылман деген сөз (арабтың «мо-слим») бейбітті адам деген мағынаны білдіреді. Ислам деген сөз, «ас-салам», бейбіт деген мағына, «Дин» – дін, деген сөз. Өмір ғұрпы деген мағынаны білдіреді, осыны түйіндесек, мен мұсылман деген сөз, мен өмір ғұрпы бойынша бейбітті адаммын деген мағынаны білдіреді.

Ал бүкіл пайғамбарлардың өсиеттері бір болса, онда неге бөлінеміз деген сұрақ туады. Дінді апиын қылғандар тек қана иудей, христиан, мұсылман, буддизм ге бөлінбей, сол діндердің өзін қырыққа бөлген, ал ол бүлікшілерге ерген кім? Білімсіздер. Дін жолындағы білімсіздер кім? Олар иманды бірінші орынға қоймай, діннің салт-дəстүрін бірінші орынға қойып, сол ара өзімен бірімен бірі дауласып, намазды қалай оқу жайында, мəйітті қалай қою жайында бір пікірге келе алмай дау-дау болып, иудейлер де, христиандар да, буддисттер де, мұсылмандар да, католик-православный, шейт-суннит дегендей ұйымдарға бөлініп, тек қана пікірталасып қоймай, бір-біріне қол салып, соғысқа дейін барып отыр.

Иерусалимде Иса пайғамбардың зиратының басында христиандар бірімен бірі төбелесуде, сонда христиандардың: «Оң жақ бетіңен ұрса, сол жақ бетіңді тос», – дегені қайда? Мұсылмандар Меккеге қажылыққа барып бір-бірімен сыйыспай, шейтсуннит болып төбелесіп жатады, сонда Құранның: «Мұсылман мұсылманның бауыры», «Хадж кезінде соғыс тоқтатылсын», – дегені қайда қалып отыр? Бұлардың бəрі Құдай жолында жүрміз дейді, намаз оқиды, ораза ұстайды, сонда имандары қайда? Болашақта дін тəртібін мектептерде дұрыс ұғындырмасақ, бара-бара мектептердің ішінде де, жақсы ниетпен арақ-есірткіден құтқарамыз деген ұрпақтарымыз, дінді апиын қылып алып, уланып қалса не істейміз?

Сондықтан өткен тарихты еске ала отырып, дін сабағын балаларды бірінші мақсат намазға жығу емес, тақия киіп, ташпиқ тарту емес, бар дінге, адамдарға ортақ моральді-этикалық қағидаларды үйрету керек. «Дінде зорлық жоқ», «біз сендерді орта жолды ұстанатын қауым қылдық», – дейді Құранда. Сондықтан «Бас болсаң, асыласың, аяқ болсаң, аяққа басыласың, орта болсаң, ортаға қосыларсың» демекші, бар діндердің орта түйінін оқытып ұстануға үйреткен дұрыс, ал сол барлық діндерден хабардар болсаңыз, діндердің əділ орта түйіні Ислам екенін «ауыл иелері» түсінеді, тек бұл түсінікке жету үшін əр адамның өз жүрегінен шыққан ізденіс, ақылы мен қабылдаған дəлелі, бекіген қайраты керек, сонда ғана адам тас қараңғыда да иманға жол табады, ал онсыз тапа тал түсте де иман жолынан адасады. Біріншіден, нақты бағдарлама құрмай, оқулық басылып шықпай, бұл міндетті мойынға алу – өте ауыр жүк. Дінге тəрбиелене отыра, əрбір жасөспірім өмірдің шындығына көзі жетуі тиіс.

Журнал "Жасstar", №3 (21) 2009 г.


[ Вернуться к содержанию ]

НОВЫЙ НОМЕР

№1-2 (51-52) 2017

Архив номеров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Перейти в фотогалерею

 

ПЛАН МЕРОПРИЯТИЙ

Просмотреть мероприятия

ПОИСК ПО САЙТУ



 

© 2006 – 2019 Республиканский Союз детских общественных организаций Казахстана «Жулдыз».
Адрес: Республика Казахстан, г. Кошектау, ул. Абая, 112 а, офис 207 (2 этаж). Телефоны: 8 (7162) 502591, 721226, e-mail: sdoozhuldyz@mail.ru
При перепечатке материалов ссылка на источник обязательна. Авторы Интернет-проекта www.zhuldyz.kz: Данил Конищев, Лидия Тришечкина, web: Муратбек Жусупеков.
Авторская группа DALI

Перейти на главную страницу Перейти в форум