Перейти в форум
 
 

Главная страница - Журнал "Жасstаr"

Журнал "Жасstar"

Мир увлечений

Домбыра аспабында нотасыз ойнауды үйрену

Гүлфруза Əбжанова,

құрастырған: қосымша

білім беру мұғалімі

«Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра».

Қ. Мырзалиев

Бұл əдістемеде домбыра аспабында нотасыз ойнауды үйрену методикасы қозғалған. Қосымша білім беруде бұл əдістеменің жас ұрпаққа берер тəлім-тəрбиесі мол.

Домбыра – қазақтың ішекті музыкалық аспабы. Шанағы көбінесе алмұрт пішіндес болып келеді, мойны өте ұзын, пернелермен бөлінген. Басты мақсат жасөспірімдерге домбыра үнімен, домбыра сарынымен тегін білуге үйрету болды. Себебі домбыраның бойында ата-бабаның рухы жатыр. «Домбыра деген – қазақ, қазақ деген – домбыра» деген теңеудің жаны бар.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – өзінің тілін, дінін, дəстүрін, өнерін, əдеп- ғұрыптарын біліп, халқының асыл қазынасының мұрагері сезінетін, өз елін, туған жерін, ата мекенін сүйетін Қазақстан Республикасының азаматын тəрбиелеу. Бағдарламаның басты темірқазығы балаларға домбыра үйрету арқылы олардың жалпы халық өнеріне деген ынтасын арттыру. Домбыра үйрету барысында халықтың музыка педагогикасына арқа сүйей отыра, коллективті түрде нотасыз домбыра тартып үйретудің əдістемесін ұсынады. Бұл əдістемені көптеген үйірмелер қолданады. Ол жеңіл, əрі тез. Сондай-ақ баланың еске сақтап қалу қабілетін арттырады. Өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жүргізу бойынша облыстық оқу-əдістемелік орталығында «Үкілі домбыра» студиясы 1998 жылдан бері жұмыс жасауда. Осы студияны ашқандағы мақсатымыз – баланың музыкалық мəдениетін қалыптастырып, соның ішінде халық музыкасына деген сүйіспеншілікті арттыру. Осы сəтте киелі қара домбыраның атқарар рөлі мол. Қолына домбыра ұстаған бала имандылық, инабаттылық жылуын дарытып, қатыгездіктен аулақ болады. Осы үйірмеге келетін балалар – менің ойымша, адамгершілігі биік, қазақи тəрбие алған балалар.

Менің мақсатым – маған келетін оқушылардың қазақ тіліне, өнеріне, дəстүріне, ұлтына, салтына деген махаббаттарын оятып, рухтарын биік ұстату. Сабақ барысында мен оқушыларыммен қазақша сөйлеймін, қазақша түсіндіремін. Басқа тілде домбыраны үйрету мүмкін емес.

Оқушыларым да «Апай» деп сыйлап, үлкендермен амандасып, өздерінің ізеттілігін білдіреді. Үйірмеге қатысатын оқушылардың 90 пайызы ер балалар. Меніңше, ер бала келешек ер азамат, еліміздің тірегі, болашағы, сондықтан да оларға қойылатын талап-мақсат жоғары. Үйірменің ерекшелігі музыкалық мектептерде ешқандай дəріс алмаған, нота білмейтін балалардың музыкаға деген қызығушылығын арттырып, оларға қазақтың ұлттық аспабы – домбыра бойынша дəріс беру мүмкіндігіміз бар.

Үйірме үш топтан тұрады:

1. Негізгі топ.

2. Ортаншы топ.

3. Бастауыш топ.

Əр топта 10-15 баладан. Үйірмеде екі ансамбль бар: «Құлагер», «Мұрагер» жəне «Сазгер» шағын оркестрі. Домбыра үйрену сабақтарын əр баламен жеке жүргізген жөн. Сабақта əн немесе музыка аспаптарына арналған музыка шығармалары орындалғанда оны мазмұнына байланысты мəнерлі, түсініп, ал əннің сөздерін дəл, анық айтқызу керек. Оқушылар берілген əн немесе музыка шығармаларын жаттап алып, оны техникалық жағынан дұрыс орындап берумен қатар, шығарманың идеялық мазмұнын, оның авторларын жəне олардың тұрған дəуірін білулері керек.

Оқушыларға əнді домбыра аспабына қосылып айтуға үйрету керек. Домбыра сабағында музыкалық шығарманы, əн-күйді бастап үйретпес бұрын, қандай тақырыпқа жазылғанын, шығарманы жазған композитор оның дəуірі, творчествосы жəне орындалатын музыка шығармасының орындалу характері, техникасы, əдістері туралы қысқаша түсіндіріп өту керек. Домбырашы музыка шығармасын немесе күйді үйренгенде, шығарма таза, сапалы шығуы үшін шығарманың өлшеуін, динамикалық екпінін (шығу-күшін), дыбыстың əдемі шығуын жақсы үйреніп алып, кейін оқушыларға үйреткені жөн. Əрбір білімгер үйінде күнбе-күн домбыраға өздігінен ойнап дағдылана беретін болсын. Өтілетін репертуар қазақ композиторларының шығармалары қазақтың халық əндері мен күйлері жəне ішінара батыс классиктері композиторларының шығармаларынан құралады. Ең бірінші домбыраны үйренгенде оны сазына келтіріп бұрауды бірінші жолға қою керек.

Домбыра тартуға үйренудің негізгі мазмұны. Бірінші кезеңдерде музыка аспабы-домбырамен танысу. Домбыраны күтіп ұстау. Домбыраны тартқанда қалай ұстау керек. Оң қолдың тұрысы. «Тремол» қағысын шығару əдісі. Сол қолдың тұрысы. Ашық шектер. Сол қолдың 1,2,3 ші саусақтарымен жаттығып үйрену т.б. Келесі кезеңнен бастап мұғалім домбырашылардың басын қосып, домбыра тартқызып дағдыландыруы керек. Бұл əдіс оқушының домбыра оркестіріне қосылып, музыка шығармаларын тартуды кеңінен үйретеді. Музыка аспаптарына үйретудің негізгі мақсаты – шəкіртке музыканың құдіретті күшін таныту. Сөйтіп оқушының санасына, еркіне, əсіресе олардың сезімі мен ұшқыр қиялына пайдалы əсер ету. Сонымен қатар бұл өмірдің түрлі жайттарын адам баласының қолы жеткен табыстарымен оның қолынан туған көркемөнер мұраларын тануға, өмір шындығын сезінуге, елін-жерін, отанды сүю сезіміне баулыйды. Қазір бүкіл жас ұрпақты адамгершілік тұрғыдан тəрбиелеу мəселесі бүкіл халықтық іс болып отырғаны баршамызға мəлім. Соның күрделі салаларының бірі – жастарға музыкалық тəрбие беру негізінен қосымша сабақ үстінде іске асады.

Жастардың музыкалық-эстетикалық талғамын тəрбиелеуде халық əндері мен күйлерінің жəне қазақ композиторларының əндері мен күйлері алтын өнер қазынасы болып саналады. Осы сабақтар арқылы бағдарламаның мақсатында көрсетілген пəнаралық байланыс, жаңа технологияны сабақта пайдалану, баланың шығармашылық қабілетін ашу жолдарын жəне ең бастысы домбырада ойнауға үйретудің əр түрлі əдістерін көрсеттім. Менің негізгі мақсатым – өз балаларымды музыкаға соның ішінде қазақ музыкасына баулу. Домбыра үйренген баладан музыкант шығару мақсат емес, музыкант болатын бала арнайы музыка мектебіне, музыка академиясына барады.

Бізден алған тəлім-тəрбие келешекте олардың өмірінде қандай да бір себін тигізеді деп ойлаймын.

«Нағыз қазақ – қазақ емес Нағыз қазақ – домбыра», – деп Қадыр Мырзаəлиев атамыз жырлағандай, тəуелсіз мемлекетіміздің ертеңі ұрпағымыздың рухани байлығы мен мəдеиетіне, қабілеті мен біліміне ұлттық дүниетанымына байланысты. Олай болса, бұл бағдарламаның болашақ ұрпақтың ата дəстүрін, тарихын, өнерін дəріптейтін өз еліне деген сүйіспеншілігін тəрбиелеуде аса маңызы зор. Əрине, біздің Республикамызда осындай бағдарламамен жұмыс жасайтын қосымша білім беру үйірмелері көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Журнал "Жасstar", №3 (21) 2009 г.


[ Вернуться к содержанию ]

НОВЫЙ НОМЕР

№1-2 (51-52) 2017

Архив номеров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Перейти в фотогалерею

 

ПЛАН МЕРОПРИЯТИЙ

Просмотреть мероприятия

ПОИСК ПО САЙТУ



 

© 2006 – 2019 Республиканский Союз детских общественных организаций Казахстана «Жулдыз».
Адрес: Республика Казахстан, г. Кошектау, ул. Абая, 112 а, офис 207 (2 этаж). Телефоны: 8 (7162) 502591, 721226, e-mail: sdoozhuldyz@mail.ru
При перепечатке материалов ссылка на источник обязательна. Авторы Интернет-проекта www.zhuldyz.kz: Данил Конищев, Лидия Тришечкина, web: Муратбек Жусупеков.
Авторская группа DALI

Перейти на главную страницу Перейти в форум